Жазда Қазақстанда ауқымды халықаралық спорт сайыстары өтеді

Туризм және спорт министрлігінде елімізде жаз айларында өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарына дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Жиында Астана, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларында ұйымдастырылатын бірқатар халықаралық турнирлерге дайындық барысы қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Әсіресе, спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, спорт инфрақұрылымының дайындығы, логистика, медициналық қызмет көрсету, шетелдік делегацияларды орналастыру, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлесімді өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында қатысушылар елордада өтетін боччадан Әлем кубогына дайындықты талқылады. Аталған жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады. Сонымен қатар 16 елден шамамен 350 спортшы бақ сынайтын байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионаты, 1 600-ге жуық спортшы қатысатын таэквондодан (WT) халықаралық турнирлер, 15 елден шамамен 250 спортшы жиналатын жеңіл атлетикадан XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы, 50 елден 500-ге жуық спортшы белдесетін кураштан әлем чемпионаты және 700 спортшы қатысатын WKF каратэден Орталық Азия чемпионатына дайындық мәселелері де сөз болды.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтіп, мұндай ірі спорттық іс-шаралар Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтуға, спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ықпал ететінін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, федерацияларға және жарыс ұйымдастырушыларына алдағы халықаралық додаларға сапалы әрі уақытылы дайындықты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.