Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан ересектер арасында Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ел біріншілігіне еліміздің 16 өңірінен 160-тан астам спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында ұлттық құраманың көшбасшылары да бар.
Дегенмен бұл бәсекеге Нұрғиса Әділетұлы мен Алексей Чуркин қатыспайды. Жыл басында екі спортшыға да ота жасалған болатын. Қазір олар жарақатынан толық айығып, қалыпқа келу кезеңінен өтуде.
Айта кетейік, ел біріншілігінің қорытындысы бойынша 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталады.
Қазақстан чемпионаты 19 мамырға дейін жалғасады.