12 мамыр – Халықаралық медбикелер күніне орай Астана қаласындағы №13 қалалық емханада «AMANAT» партиясының бастамасымен салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында бірқатар медицина саласының маманы партия қатарына қабылданып, оларға партиялық билет табысталды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, Астана қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Дженалаева, сондай-ақ партия жанындағы Әйелдер қанатының өкілдері мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кеш алдында партия Хатшысы емхана ұжымымен кездесіп, медициналық мекеменің жай-күйімен танысты. Іс-шара барысында медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасы, саладағы өзекті мәселелер және партиялық қолдау бағыты сөз болды. Әсіресе күн сайын ондаған науқасты қабылдап отырған медбикелердің еңбегі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде Шолпан Каринова сала мамандарының қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Медбикелердің еңбегі – үлкен жүрек пен сарқылмас мейірімді талап ететін ерекше қызмет. Көп жағдайда науқастың жанынан табылып, оның жағдайын бақылап, ем-шарасын жасап, әр сөзімен үміт сыйлайтын да – осы жандар. Әр науқастың жанынан табылып, оның жағдайын бақылап, қолдау көрсету – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Сондықтан медицина саласы қызметкерлерінің еңбегі әрдайым зор құрметке лайық», – деді ол.
Сонымен қатар партия Хатшысы кейінгі жылдары медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы заңнамалық өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы мүшелерінің бастамасымен медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілген. Сондай-ақ «Үздік маман» республикалық байқауы бекітіліп, жеңімпаздарға 500 АЕК көлемінде біржолғы төлем беру қарастырылған. Бұдан бөлек медицина қызметкерлерінің балаларын балабақшаға қабылдау кезінде басымдық беру, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан немесе мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау секілді әлеуметтік қолдау тетіктері енгізілген.
Басқосудың негізгі ерекшелігінің бірі – 13 медбикенің «AMANAT» партиясы қатарына қабылдануы. Оларға салтанатты түрде партиялық билет табысталды. Партияның жаңа мүшелері бұл олар үшін үлкен сенім мен жауапкершілік екенін атап өтті. Сондай-ақ іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар медбикеге партия атынан алғыс хат табысталды.
Айта кету керек, жалпы Астана қаласы бойынша партия қатарына 100 медбике қосылған. Мереке қарсаңында партияның елордалық филиалына қарасты Бастауыш партия ұйым қызметкерлері қаладағы бірнеше медициналық мекемеге арнайы барып, медбикелерге гүл шоқтары мен алғыс хат табыстаған.
Еске сала кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Астана қаласында 4 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, биологиялық және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі қарастырылған патологиялық-анатомиялық бюро салынды. Сонымен қатар қаладағы медициналық ұйымдарға 1100-ден астам жас маман жұмысқа орналастырылып, 100-ден аса медицина қызметкері еліміздегі және шетелдегі жетекші ғылыми орталықтарда біліктілігін арттырды.