Бір ғана "жеңіл табыс" бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін

Жазғы демалыс қарсаңында Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударады. Осыған орай министрлік оқушылар мен студенттерге үндеу жасады.

Ішкі істер министрлігі оқушылар мен студенттерге үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

- Құрметті оқушылар мен студенттер! Жазғы демалыс қарсаңында Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударады. Санаулы күндерден соң көптен күткен каникул басталады. Бұл - тынығу мен сергуге, жаңа әсер алуға таптырмас уақыт. Алайда бір маңызды мәселе бар бар.

Дәл осы кезеңде интернетте және әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табыс табуға бағытталған "тартымды" ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін. Бұл жай ғана қауіп емес, бұл қылмыс.

Ішкі істер министрлігі ескертеді: есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін. Бір ғана "жеңіл табыс" бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін.

Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса, бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз. Саналы таңдау жасағаныңыз абзал. Еркіндік ақшадан қымбат. Ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.