Моңғолияда алғаш рет «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесі өтті

Көрмені ұйымдастыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Моңғолияның Білім министрлігі және Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі қатысты.

13-14 мамыр күндері Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарын, Моңғолияның білім беру қауымдастығы өкілдерін, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік және дипломатиялық құрылымдарын біріктірген «Study in Kazakhstan» халықаралық білім көрмесі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көрмені ұйымдастыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Моңғолияның Білім министрлігі және Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі қатысты.

Іс-шара жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ Моңғолия жастары арасында Қазақстанның білім беру және ғылыми әлеуетін танытудың маңызды алаңына айналды.

Екі күн бойы көрмеге академиялық байланыстарды кеңейтуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытқан талапкерлер, студенттер, білім беру ұйымдарының және Моңғолияның мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Көрме аясында қазақстандық жетекші жоғары оқу орындары бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын, сондай-ақ инженерия, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, медицина, педагогика, бизнес және халықаралық қатынастар бағыттары бойынша заманауи білім беру бағдарламаларын ұсынды.

Келушілердің ерекше қызығушылығын академиялық ұтқырлық пен халықаралық алмасу бағдарламалары, бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос диплом бағдарламалары, мемлекеттік және халықаралық шәкіртақылар алу мүмкіндіктері, ғылыми тағылымдамалар мен зерттеу саласындағы ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ Қазақстандағы оқуға түсу, тұру және студенттік өмір шарттары туралы ақпарат тудырды.

Көрмеге қатысушылар университет өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, оқуға түсу мен білім алу мәселелері бойынша жеке кеңес алуға, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының инфрақұрылымымен, ғылыми орталықтарымен және инновациялық жобаларымен танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шара аясында университеттердің таныстырылымдары, академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер, екіжақты келіссөздер ұйымдастырылып, Қазақстан мен Моңғолия жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Моңғолия мемлекеттік университеті мен University of Finance and Economy университетінің кампустарына барып, академиялық алмасуды, ғылыми ықпалдастықты дамыту және бірлескен білім беру бастамаларын іске асыру перспективаларын талқылады.

Көрменің өтуі Моңғолия тарапының қазақстандық жоғары білімге деген жоғары қызығушылығын айқындап, білім, ғылым және жастар саясаты салаларындағы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы серіктестікті нығайтудың кезекті қадамы болды.

Моңғолияда өткен «Study in Kazakhstan» халықаралық көрмесі гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге, академиялық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық білімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін тиімді алаңға айналды.