Іс-шаралар легі «Батырларға тағзым» аталған гүл шоғын қою салтанатымен басталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өкілдер саябақ кіреберісінен шеруді бастап, алаңдағы басты ескерткішке барды. Ең бастысы, жеңісті көзімен көрген ардақты ардагерлер – Қасымхан Алдабергенов, Михаил Подоляков және Ділдәбек Нұрышев те іс-шараға арнайы шақыртылды.
Осыдан кейін аймақ басшысы мерекелік құттықтау лебізін арнап, қан майданның құрбандарына тағзым етті. Сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгерлеріне ыстық ықыласын жеткізді.
– Сіздерді ерлік пен елдіктің символына айналған Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 9 мамыр – бейбіт өміріміздің жолында жан аянбаған барша ардагерге ерекше құрмет көрсететін күн. Бұл мейрам тарихымызда мәңгілік шежіре болып жазылып тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз», – деді. Біз жауға қарсы тұрған барша батырдың рухына тағзым етеміз. Жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмыла білді. Бүгін олардың да ерлікке толы өмірі дәріптеліп жатыр, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі Қостанай өңірінен майданға 75 мыңнан астам адам аттанып, соның жартысынан көбі туған жерге оралмағанын, әр отбасы 18 жасқа толған азаматтарды қасиетті Отанымызды қорғауға шығарып салғанын еске салды. Қостанайда жасақталған 151-ші жеке атқыштар бригадасы кейін 150-ші атқыштар дивизиясына айналды. Олар Еуропаны азат етті, қазақтың әйгілі батыры Рақымжан Қошқарбаевпен бірге Рейхстагта жеңіс туын қадады.
Құмар Іргебайұлының айтуынша, аталған 150-ші дивизия биыл 85 жылдығын атап өтуде. Бұл жаужүрек бөлімнің даңқы Қостанай облысы үшін ғана емес, Қазақстан мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне ерліктің символы болып қалды. 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың қатарында Қостанай өңірінен шыққан Сұлтан Баймағамбетов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сейітхан Темірбаев, Илья Сьяновтардың есімі айрықша аталады.
– Батырлардың ерлігі – елдік пен отансүйгіштіктің мәңгілік үлгісі. Ұрпақтың аманаты – елдің бірлігі, тыныштықты сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту. Біз қаһарман ұл-қыздардың арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды!
Бүгінде Қазақстан – бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекені. Осы бейбіт күннің арқасында елімізбен бірге Қостанай облысы қарқынды дамып келеді, барлық бағытта оң өзгеріс бар. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім мен мәдениет салаларында қол жеткізілген табыстар – бірлігіміздің, бірлескен еңбектің нәтижесі.
Ардақты ардагерлер! Сіздер жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас бағдар болып қала береді. Сол үшін өздеріңізге әрдайым тағзым етеміз! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын! Мереке құтты болсын, – деп қорытындылады облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұдан соң Жауынгерлік тақ гирляндасын мәңгілік алау жанына қою рәсіміне кезек берілді. Ізін ала қарт майдангерлер – Қасымхан Алдабергенов, Михаил Подоляков, Ділдәбек Нұрышев және облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған өңір басшылығы ескерткіш түбіне тағзым гүлін қою рәсімін бастап берді. Одан соң құқық қорғау саласы ардагерлері және өзге де саланың майталман өкілдері, мекеме-ұжым басшылары, сондай-ақ қалың топ лек-легімен келіп, рәсімді ұзақ уақыт жалғастырды.
Осыдан кейін өңір басшысы аяулы ардагерлермен бірге Жеңіс саябағы ішінде орналасқан даңқты батырлардың ескерткіштеріне тағзым гүлін қойды. Ақ дастарқан жайылып, ашық-жарқын әңгіме өрбіп, асыл сүйекті ақсақалдар елтұтқа азаматтарға ақ батасын берді.
М.ТӨЛЕУ