«Бұл өте қорқынышты...»: танымал актриса өзін бірнеше жыл бойы аңдыған адам туралы айтты

Ол ай сайын Қазақстанға ұшып келген.

Актриса Құралай Анарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жыл бойы өзін аңдыған ер адам туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz.

Айтуынша, бұл жағдай ұзақ уақытқа созылып, мазасын алған. Белгісіз ер адам актрисаны жұмысына, үйіне күнде іздеп барған. 

Ол кезде сталкингке қатысты заң болмағандықтан, жазған шағымы ескерілмеген. 

«Мені ұзақ уақыт бойы аңдып, маза бермеген сталкер туралы айтқан едім. Өкінішке қарай, бұл оқиға мұнымен аяқталмады. Бұл видео өткен жылы түсірілген. Ол күн сайын түсірілім алаңына келіп, қандай да бір жолмен біздің орналасқан жерімізді тауып алатын. Онымен сөйлесуге тырыстым. Бірақ өзін дұрыс ұстай алмағанын көргеннен кейін және маған бірнеше рет шабуыл жасау әрекеті болған соң, онымен ешқандай байланысқа шықпауға шешім қабылдадым. Оның үстінен бірнеше рет арыз жаздық. Ол менің бұрын тұрған мекенжайымды тауып алды. Содан кейін маған тұрғылықты жерімді ауыстыруға тура келді. Алғаш келген күні маған алғашқы шабуыл жасау әрекеті болды. Абырой болғанда, күзет қызметкерлері оны тоқтатып, сыртқа шығарып жіберді”, – дейді актриса.

Таңғаларлығы, әлгі ер адам өзге елдің азаматы болып шыққан. Ол ай сайын Қазақстанға ұшып келген. Тіпті актриса шетелге түсірілімге кеткенде де артынан іздеп барған. Сталкинг туралы заң күшіне енгенде оны құзырлы органдарға барлық дәлелді жинап, тапсырған. 

«Полиция қызметкерлері одан «Неге аңдып жүрсің?» деп сұрағанда, «Ол – менің әйелім» деп жауап берген. Шынымды айтсам, мұны есту өте қорқынышты болды”, – дейді Құралай Анарбекова.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.