Алматыда газ есептегішті тексереміз деген компанияның өзі заң бұзған

Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді.

Алматы қаласы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті Алматы қаласындағы «AKTOBE GAZ INNOVATION» ЖШС-нің Алматы филиалының салыстырып тексеру зертханасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аталған жоспардан тыс тексеру жеке тұлғаның «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, сондай-ақ метрология саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құжаттардың талаптарын сақтау мәселесі бойынша жолданған өтініші негізінде жүргізілді.

Тексеру барысында СТ РК 2.13-2013 «Тұрмыстық газ есептегіштері. Салыстырып тексеру әдістері мен құралдары» стандартының 9.1-тармағының және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 934 бұйрығымен бекітілген Өлшем құралдарын салыстырып тексеруді жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексеру кезеңділігін белгілеу және салыстырып тексеру сертификатының нысаны қағидаларының 21-тармағының талаптары бұзылғаны анықталды.

Тексеру нәтижелері бойынша «AKTOBE GAZ INNOVATION» ЖШС-нің Алматы филиалына 2025 жылғы 29 қаңтардағы № FR-07-56929 қолдануға жарамсыздығы туралы хабарламаның күшін жою жөнінде нұсқама беріліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Құқық бұзушының кінәсін мойындауына байланысты оған 843 375 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Қазіргі уақытта айыппұл толық көлемде төленді.

Департамент Заң талаптарын еске салады: тізілімге енгізілмеген және салыстырып тексерілмеген өлшеу құралдарын пайдалану Заң бұзушылық саналады.

Осындай Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға техникалық реттеу және метрология жөніндегі аумақтық органдарға жүгінуге кеңес беріледі.