Ертең Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл – түркі халықтарының ынтымағы мен ортақ рухани құндылықтарын айшықтайтын тарихи әрі тағылымды басқосу.
Маңызды саммиттің Түркістанда өтетінін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында өңірге жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеген болатын. Ғасырлар бойы түркі өркениетінің рухани орталығы саналған қасиетті Түркістанда ұйымдастырылатын кездесу бауырлас мемлекеттер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, түркі бірлігінің маңызын одан әрі нығайтпақ.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларының еркін пікір алмасуына, ортақ мәселелерді талқылауына және өзара сенімді күшейтуіне мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасып келеді.
Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Көне шаһар – түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамыры тоғысқан мекен. Бүгінде Түркістан түркі әлемінің мәдени, рухани әрі саяси орталықтарының біріне айналып отыр. Саммиттің негізгі тақырыбы ретінде «Жасанды интеллект және цифрлық даму» бағыты белгіленген. Алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының жетекшілері мен халықаралық ұйым өкілдері қатысады деп күтілуде.
Түркістан төрінде өтетін бұл маңызды кездесу түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланысты бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін береді. Қазіргі таңда киелі шаһар тарихи жиынды жоғары деңгейде өткізуге дайындық жұмыстарын толық пысықтап жатыр.
Саммит қарсаңында Түркістан қаласына кіреберіс аумақта қасиетті Тайқазан орнатылды. Тайқазан – молшылық пен берекенің, түркі халықтарының ынтымағы мен бірлігінің символы. Бұл нысан қаланың туристік және мәдени маңызын арттыра түседі. Тайқазанды әуеден түсірген сәтте оның жанынан Түркі мемлекеттері ұйымының туын көруге болады.
Сонымен қатар Түркістанда ұлттық мәдениетті дәріптеуге және заманауи туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этно-туристік кешен бой көтерді. Кешеннің басты сәулеттік нысаны – диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метр болатын алып киіз үй. Жалпы аумағы 707 шаршы метрді құрайтын бұл нысан мәдени іс-шаралар, форумдар мен этнофестивальдер өткізуге арналған. Сондай-ақ аумақта бірнеше шағын киіз үй де орналастырылған. Жоба ұлттық дәстүрді заманауи форматта таныстырып, Түркістанның халықаралық деңгейдегі туристік және мәдени орталық ретіндегі мәртебесін арттыруға ықпал етеді. Бұл – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдерге көрсетілген ерекше құрметтің белгісі.
Аталған маңызды жобалар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте бірнеше мәрте талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Нәтижесінде, Түркістан қаласы қысқа мерзім ішінде жаңа рухани әрі туристік нысандармен толықты.
Бүгінде Түркістан – түркі әлемінің тарихи және мәдени орталығы ғана емес, бауырлас елдерді біріктіретін рухани тартылыс күші. Түркілер төрінде өтетін маңызды саммит түркі жұртының ынтымағын нығайтып, бірлік пен бауырластықтың туын бұрынғыдан да биікке көтерері сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы