Түркістанда «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымы кеңесінің бейресми саммиті қарсаңында өтіп, Түркістанның тарихи-мәдени маңызын ғылыми тұрғыда зерделеуге, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттауға және түркі елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталды.
Дөңгелек үстелге ғылыми қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың 30-ға жуық өкілі қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар, түркітанушылар, шығыстанушылар, тарихшылар, филологтар, теологтар, археологтар, реставраторлар мен музей саласының мамандары болды.
Жиын қатысушыларына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдады.
Құттықтауда Түркістанның түркі дүниесінің рухани өзегі ретіндегі орны мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі халықтарына ортақ құндылық екені атап өтілді.
«Түркістан – күллі түркі дүниесінің қара шаңырағы, рухани сабақтастықтың алтын арқауы. Ал Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – ғасырлар бойы түркі халықтарын ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып келе жатқан теңдессіз рухани қазына. Бүгінгі басқосу – тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, ортақ тарихи мұрамызды жаңа көзқараспен зерделеп, оны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды бастама деп білемін», – делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы, IRCICA және TİKA ұйымдарының өкілдері баяндама жасады. Жиын барысында ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны бүгінгі заманға сай дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.