Астанада әлемдік деңгейдегі PGL Astana 2026 киберспорт турнирі өтіп жатыр

Олардың қатарында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді танымал ұжымдар бар.

15-17 мамыр күндері Астанадағы Barys Arena спорт кешенінде Counter-Strike 2 ойыны бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі ұйымдастырылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осылайша, елорда қатарынан екінші жыл әлемдік киберспорт индустриясындағы ең ірі жарыстардың бірін қабылдайды.

Турнирдің ұйымдастырушысы — PGL Esports SRL. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Байрақты бәсекеге әлемнің үздік 16 командасы қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді танымал ұжымдар бар.

Сондай-ақ турнирге құрметті қонақ ретінде Counter-Strike әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі Джеймс Бэнкс және әлем чемпионы Габриэль Толедо шақырылған.

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Мамандардың пікірінше, PGL Astana 2026 турнирі оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, Астананың халықаралық деңгейдегі ірі киберспорт орталығы ретіндегі беделін арттыра түседі.