70 мың теңге үшін жанжал: Алматы облысында жас жігіт қаза тапты

Алматы облысына қарасты Боралдай кентінде қайғылы оқиға болды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 10 мамыр күні «Эдельвейс» дәмханасында жұмыс істейтін екі жігіттің арасында 70 мың теңгеге байланысты жанжал туындап, соңы адам өліміне алып келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Криминалды Қазақстан» паблигінің мәліметінше, көз жұмған жігіттің есімі – Бахром. Дереккөздің жазуынша, жанжал барысында күдікті оны бір сағатқа жуық уақыт бойы соққыға жыққан.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға кешкі сағат 20:18 бен 21:04 аралығында болған. Алдын ала сараптама қорытындысы бойынша, жігіттің көкбауыры жарылып, салдарынан ішіне қан кеткен.

Жақындарының сөзінше, ауыр соққыдан кейін Бахромның жағдайы күрт нашарлап, ол құса бастаған. Сондай-ақ олар жедел жәрдем жеткенге дейін күдіктілер оқиға орнын тазалап үлгергенін алға тартты.

Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына сағат 21:04-те келіп, зардап шеккен жігітті ауруханаға жеткізген. Бірақ дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Аталған жағдайға байланысты Алматы облыстық полиция департаментінен ресми түсініктеме сұралды.