Қазақстанда 446 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ресми дерекке сәйкес, жұмыссыз жүрген азаматтардың басым бөлігінің білімі бар. Атап айтқанда, 235 мың адам техникалық және кәсіптік білім алған болса, тағы 153,3 мың адамның жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар.
Осылайша, елдегі барлық жұмыссыздардың шамамен 87%-ын дипломы бар мамандар құрап отыр. Ал тек мектеп бітірген жұмыссыздардың саны 53,6 мың адам ғана.
Қазіргі таңда Қазақстанда жоғары білімі бар 4,2 миллион адам еңбек етеді. Дипломды кадрлар ең көп шоғырланған сала — білім беру. Бұл бағытта 819 мың маман жұмыс істейді. Сондай-ақ 348 мың адам мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласында, ал 312 мың адам денсаулық сақтау жүйесінде қызмет атқарады.
Сонымен бірге жоғары білімі бар 622 мың қазақстандық көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автокөлік жөндеу саласында еңбек етіп жүр. Бұл — елдегі барлық дипломды мамандардың шамамен 15%-ы.
Сарапшылардың пікірінше, сауда саласы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған азаматтарды көбірек тартуда.