Бұл ретте МИБ пен ПИК төрағалары шамадан тыс жүктемеге, кадр тапшылығына және жұмыс барысында туындайтын түрлі қиындықтарға тап болып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл мәселелер «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында өткен өңірлік форумда талқыланды.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, депутаттар, мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің өкілдері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының сарапшылары қатысты.
«Тұрғын үй реформасы – бір реттік науқан емес. Бұл – адамдармен, тұрғын үйлермен және заңнамамен күн сайын жүргізілетін жүйелі жұмыс. Мемлекет – қолайлы жағдай жасауы керек, бизнес – тиімді шешімдер ұсынуға тиіс, ал меншік иелері – өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Нақты нәтижеге тек осы үш тараптың өзара үйлесімді іс-қимылы арқылы ғана қол жеткізуге болады. Солтүстік Қазақстан облысы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесі ашық, кәсіби және әр тұрғынға түсінікті болатын өңірге айналуды мақсат етеді. Бүгінгі форум – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі», – деді өңір басшысы.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов ТКШ реформасы азаматтардың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ПИК төрағасы «AMANAT» партиясының қатарына қосылды. Саланың үздік мамандары алғыс хатпен және құрмет грамотасымен марапатталды.