Еңбек заңнамасын жетілдіру жөніндегі заңды мақұлдады

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшім­баевтың төр­аға­лығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар күн тәр­ті­біне шығарылған бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыста сенаторлар «Қа­зақ­стан Республика­сы­ның кей­бір заңнамалық акті­леріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұл­дады. Құжат жұмыскерлердің құқық­тарын қорғау кепіл­діктерін күш­ейтуді, әлеумет­тік әріптестікті дамытуды, еңбек қауіпсіздігі стандарт­тарын арттыруды және еңбек қатынастарының негізгі рә­сімдерін нақтылауды көз­дейді.

– Қаралған заң ұлттық еңбек заңнамасын жетіл­діруге арнал­ған. Соның ая­сында жұмысшы мен жұмыс берушінің құқық­тарын үй­лестіруге арналған норма­лар топтамасы қарасты­рылды. Сонымен қатар жергі­лікті атқарушы органдардың құ­зы­реті бірқатар жаңа мін­дет­пен толықты. Жалпы, заң елі­мізде еңбек адамдарының құ­қықтық кепілдігін күш­ейтіп, жұмыс берушілердің жауапкер­шілігін арттыра түседі деп сене­міз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нақты айтқанда, Еңбек кодексіне жұмыскерлердің заң­ды мүдделерін сақтау мәселелері бойынша бірқа­тар жаңа норма енгізіледі. Соның ішінде еңбек сала­сында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау қағидаттарын бекіту, жұмыскерлердің скрин­­ингтік зерттеулерден өту тәртібін айқындау және ауысым алдын­дағы медици­налық тексеруге кеткен уа­қытқа ақы төлеу мәсе­лелері қамтылған. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің еңбек жағ­дай­лары өзгерген жағ­дайда жұмыс­керді жазбаша түрде хабардар ету міндеті қарас­тырылды. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодек­с­ке де толықтырулар ен­гізіледі. Соған сәйкес, жұ­мыскер тіркелген меди­ци­налық ұйым цифрлық тех­нологиялар арқылы азамат­тарға скринингтен өту қа­жет­тігі жөнінде хабарлама жіберіп, скринингтен өтуге тиіс жұмыскерлер туралы мәліметті жұмыс берушіге жолдай алады.

Сенат отырысында «Қа­зақ­стан Республик­асының Үкіметі мен Қытай Халық Республика­сының Үкіметі арасындағы инвести­ция­ларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжатты ратификациялау нақты сектор­дың әлеуетін арттырып, ірі ин­фра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Айқын құқықтық тетіктер жо­ғары техно­логиялар сала­сына инвес­тиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашу­ға және экспорт­тық әлеуетті нығайтуға жол аша­ды. Бұл қадамдар стратегия­лық серік­тестікті тұрақты экономи­калық өсу мүддесіне пайда­лануға мүмкіндік береді.

– Келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ­мерзімді екіжақты ынтымақ­тас­тықты әрі қарай нығайту­ды көздейді. Заңда инвес­тор­ларға арналған құқық­тық кепілдіктер, мемлекеттік қолдау шаралары және дау­ларды шешудің нақты тәртібі қарас­тырылған. Бұл келісім алдағы уақытта екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі дамытуға серпін береді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар депутат­тар «Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік награ­далары тура­лы» Қазақстан Респуб­лика­сының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат мемле­кеттік наградалар жүйесін және марапатқа ұсыну тәр­тібін жетілдіруге, олардың қоғамдық маңызын артты­ру­ға, жаңа мем­лекеттік наградаларды енгізуге және осы саладағы заңнаманы өзек­тендіруге бағытталған. Атал­ған заң арқылы жаңа орден­дер­мен марапатта­ла­тын азаматтар санаты да айқындалады. Нақты айт­қан­да, AL-FARABI ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларында елеулі жетістікке қол жеткіз­ген азамат­тарға табысталады. Ал QOJA AHMET YASAUI орденімен отан­дық және шетелдік ғалым­дар, мемле­кет және қоғам қай­рат­кер­лері, сондай-ақ мемле­кет­тілікті нығайтуға, қо­ғам­­дық-саяси, әлеуметтік, мә­дени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтар марапат­та­лады. Бұдан басқа, қайырым­дылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан азаматтар­ды марапаттау үшін «Мейір­ім» ордені тағайындалады.

Отырыста «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы Конс­титуциялық заңының жоба­сы бойынша Қа­зақстан Рес­публикасы Парла­менті Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сена­торлар сайланды. Іс-шара бары­сында сенаторлар Үкіметке өз­дерінің депутат­тық сауалдарын да жолдады.