Қазір бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Бір тарап мемлекет бұрын бекіткен тәртіптің кейін өзгергенін айтса, екінші тарап кедендік классификацияны нақтылау заң аясындағы процесс екенін алға тартады. Әзірге дау толық құқықтық шешімін тапқан жоқ.
Мәселенің өзегі – BYD Destroyer 05 көлігінің ЕАЭО тауар номенклатурасындағы кедендік классификациясына қатысты.
Көлік иелерінің айтуынша, 2025 жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін бұл модель Қазақстанға 8703603099 коды бойынша рәсімделіп келген. Аталған код Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы жеңілдетілген мөлшерлемені қолдануға мүмкіндік берген. Азаматтар бұл шешімдердің ЕАЭО-ның ресми ақпараттық жүйесінде ашық тұрғанын және кеден органдарының өздері қолданып келгенін айтады.
Сол кезеңде BYD Destroyer 05 көлігіне сұраныс артқан. Әсіресе, гибрид модельдердің бағасы мен жанармай шығынына қызыққан азаматтар бұл көлікті жаппай әкеле бастағанын көреміз. Нарықтағы сатушылардың айтуынша, модель Қазақстанға негізінен Қытайдан жеткізілген. Алайда бірнеше айдан кейін жағдай өзгеріп отыр.
Көлік иелерінің сөзінше, мемлекеттік кірістер органдары кейіннен кейбір азаматтарға кедендік төлемдерді қайта есептеу туралы хабарлама жолдай бастаған. Сонымен қатар бірқатар азаматтың банк шоттарына шектеу қойылып, қаржылық операция жүргізуі қиындаған.
Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – Айсұлу Уәлиева. Оның айтуынша, көлік әкелінген кезде рәсімнің бәрі заңға сай жүргізілген.
– Мен BYD Destroyer 05 көлігін Қазақстанға 2025 жылдың сәуір айында сол кезде қолданыста болған заң талаптарына сай рәсімдеп әкелдім. Кедендік рәсімдеу ресми алдын ала классификациялық шешімдер негізінде жүргізілді және барлық төлем толық көлемде төленді. Сыртқы экономикалық қызметтегі бірыңғай тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) 8703603099 коды ашық қолданыста болды әрі жеңілдетілген ДСҰ мөлшерлемесін пайдалануға мүмкіндік беретін. Кейін, 2025 жылдың қыркүйегінен соң классификацияға қатысты тәсіл өзгеріп, соның негізінде менің барлық Kaspi шоттарым бұғатталды. Ең бастысы – бұған дейін Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен ешқандай ресми ескерту немесе хабарлама келген жоқ, – дейді Айсұлу.
Гибридті көлік иесінің сөзінше, ресми рәсімдеу барысында мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай ескерту болмаған. Айсұлу ханым, өз мәлімдемесінде даулы мәселелердің бірі – «30 минуттық қуат» көрсеткіші екенін де атап өтті.
– Мен көлікті рәсімдеу кезінде қолданыста болған заңнама аясында адал әрекет еттім және барлық есепті уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдады. Сондықтан кедендік рәсімдеу толық аяқталғаннан кейін бірнеше айдан соң қосымша төлем талап ету дұрыс емес деп санаймын. Оның үстіне қайта есептеу «30 минуттық қуат» көрсеткішімен негізделіп отыр, бірақ бұл көрсеткішті есептеудің бекітілген әдістемесі де, ЕАЭО техникалық регламенттерінде нақты нормасы да жоқ. Мұндай жағдай бұрынғы құқықтық қатынастарға кейін енгізілген тәсілдерді қолданумен тең деп ойлаймын. Сол себепті банк шоттарымдағы шектеулерді алып тастап, бұрын рәсімделген көліктерге қатысты жаңа тәсілдердің заңдылығын тексеруді сұраймын, – дейді ол.
Осыған байланысты бір топ азамат Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның атына ұжымдық хат жолдаған. Құжатта олар мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрайды.
Ұжымдық үндеуде Қазақстанға 2025 жылдың өзінде BYD Destroyer 05 моделіндегі бес мыңнан астам көлік әкелінгені айтылған. Хат авторлары мәселені тек бір модельге қатысты дау емес, құқықтық тұрақтылық мәселесі ретінде бағалайды.
Мәселе көтерген азаматтардың бірі А.Әшімхановтың айтуынша, өз атынa ешқандай ресми хабарлама да, электронды ескерту де келмеген.
– Соған қарамастан Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті банк шоттарымды бұғаттап тастады. Мен BYD Destroyer 05 көлігін Қазақстанға сол кездегі заңнамаға толық сай рәсімдеп әкелдім. Кедендік рәсімдеу ресми алдын ала классификациялық шешімдер негізінде жүргізілді және барлық төлем толық төленді. Ол кезде СЭҚ ТН-нің 8703603099 коды ашық қолданыста болды әрі жеңілдетілген ВТО мөлшерлемесін пайдалануға мүмкіндік беретін. Ал қазір кейін өзгерген тәсілдерді бұрын рәсімделген көліктерге қолданып, менің шоттарымды бұғаттап отыр, – дейді Азамат Әшімханов.
Көлік иелерінің негізгі уәжі – құқықтық нормалардың кері күшпен қолданылмауы керек деген мәселе. Олар көлікті рәсімдеген кезде қолданыста болған тәртіпке сүйенгендерін айтып отыр.
– Мен көлікті әкелген кезде қолданыста болған заң талаптарын бұзған жоқпын, барлық есепті мемлекет қабылдады. Сондықтан кедендік рәсімдеу аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң қайтадан қосымша төлем талап ету әділетсіз деп есептеймін. Оның үстіне доначисление «30 минуттық қуат» көрсеткішімен байланыстырылып отыр, бірақ бұл көрсеткішті есептеудің нақты бекітілген әдістемесі жоқ. Мұндай жағдай құқықтық айқындық қағидатына қайшы келеді және нормаларды кері күшпен қолдануға ұқсайды. Сондықтан шоттарымдағы барлық шектеуді алып тастап, бұрын рәсімделген көліктерге қатысты жаңа тәсілдердің заңдылығын тексеруді сұраймын, – дейді ол.
Бұл мәселеге байланысты заңгерлер де әртүрлі пікір білдіруде. Мәселен, Qazaq Expert Club-тың салық саласы бойынша сарапшысы Раушан Тасшоинова ЕАЭО-ның кеден заңнамасы тауар шығарылғаннан кейін де оның классификациясын қайта қарауға мүмкіндік береді. Бірақ тәсілдің өзгеруі автоматты түрде қайта есептеу заңды дегенді білдірмейді.
– Егер көлік сол кезде қолданыста болған алдын ала классификациялық шешім негізінде рәсімделіп, декларация беруші тауар туралы барлық мәліметті толық ұсынса, бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушы тарап үшін белгілі бір құқықтық тұрақтылық қалыптастырады. СЭҚ ТН кодтары өзгеріп, жеңілдік қарастырылған санаттар кеңейгеннен кейін көліктің техникалық сипаттамаларына көбірек мән беріле бастады. Мұндай жағдайда негізгі мәселе – бастапқы классификация шынымен қате болды ма, әлде бұл көліктің техникалық параметрлерін бағалаудың жаңа тәсілі ме деген сұраққа тіреледі, – дейді маман.
Оның сөзінше, Қазақстанда кеден даулары бойынша мұндай жағдайлар бұрын да болған. Бұл тек автокөлікке қатысты емес, балалар жөргегі, өндірістік жабдық, аяқкиім бөлшектері мен ауыл шаруашылығы техникасы сияқты тауарларда да кездескен. Яғни, тауар рәсімделіп кеткеннен кейін оның классификациясы өзгертіліп, қосымша төлем есептелген жағдайлар бар.
– Мемлекеттік кірістер органдары бірнеше ай өткен соң бұрын қабылданған кедендік шешімді қайта қарап, қосымша төлем талап ете алады. Тауар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау ЕАЭО мен Қазақстан заңнамасында нақты қарастырылған. Кеден органдары тауар классификациясының дұрыстығын тексеруге, құжаттар сұратуға және заңбұзушылық анықталса, қосымша төлем есептеуге құқылы.
Алайда мұндай дауларда дәлел базасының маңызы өте жоғары. Кеден органы нақты қандай техникалық сипаттамалардың қате анықталғанын, бастапқы СЭҚ ТН коды не себепті дұрыс емес деп танылғанын және қайта классификация қандай құжаттар мен нормалар негізінде жасалғанын көрсетуі керек, – деп сөзін жалғады Раушан Тасшоинова.
Сарапшы осындай дауларда көбіне тауардың техникалық сипаттамаларын түсіндіру мен СЭҚ ТН интерпретациялаудың негізгі қағидаларын қолдану бойынша түрлі көзқарас туындайтынын жасырмайды. Сонымен қатар ол кейбір істерде импорттаушылар кеден органының классификацияны өзгертуге жеткілікті негіз келтіре алмағанын немесе тексеру рәсімін бұзғанын дәлелдеп, сот арқылы салықты қайта есептеудің күшін жойған жағдайлар да болғанын алға тартты.
– «Электр қозғалтқышының максималды 30 минуттық қуаты» деген термин расында ЕАЭО-ның СЭҚ ТН жүйесінде электр қозғалтқышы бар кей көлік түрлерін сипаттау кезінде қолданылады.
Бастапқыда бұл көрсеткіш сертификаттау мен техникалық реттеу мақсатында енгізілген электр қозғалтқышының техникалық сипаттамасы болатын. Оның мақсаты – қозғалтқыштың қысқа уақыттағы шекті қуатын емес, белгілі бір уақыт бойы тұрақты ұстап тұра алатын қуатын көрсету. Даудың өзі терминге емес, нақты көліктер бойынша бұл көрсеткіштің қалай анықталатынына байланысты туындайды. Кей модельдерде 30 минуттық қуат туралы ақпарат мүлде жоқ немесе өндіруші құжаттарында толық ашылмайды. Қазақстанда бұл көрсеткішті анықтау мен тексерудің бірыңғай әрі ашық тәсілі әлі толық қалыптасқан жоқ, – дейді маман.
Сондай-ақ Роза Тасшоинова егер көлікті қайта классификациялау мен қосымша төлем есептеу нормативтік құжаттарда нақты бекітілмеген және ресми жарияланбаған ішкі немесе есептік тәсілдерге сүйенсе, бұл дауға негіз болуы мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе, көлік кедендік рәсімдеуден өтіп, еркін айналымға жіберіліп қойған жағдайда.
– Қазіргі жағдайда мұндай көліктерді импорттайтындарға техникалық құжаттаманы алдын ала мұқият тексеріп, қажет болса аккредиттелген сынақ зертханалары немесе сәйкестікті растау органдары арқылы техникалық сипаттамаларды ресми түрде бекітіп алған жөн. Бұл кедендік рәсімдеу кезінде туындауы мүмкін даулардың тәуекелін азайтады, – деп сөзін тәмамдады сарапшы.
Әзірге бұл даудың нақты немен аяқталары белгісіз. Бірақ гибрид көліктерге қатысты туындаған жағдай кедендік рәсімдердің ашықтығы, мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығы және азаматтардың ресми тәртіпке деген сенімі туралы үлкен талқылауға жол ашты.
Кәмила ДҮЙСЕН