Анадолыдан Алтайға дейін: түркі музыкалық аспаптары туралы сіз білмейтін деректер

Музыкалық аспаптар ортақ кеңістіктің дыбыстық ізі сияқты.

Күні кеше ғана Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті Түркістан қаласында өтті. Саммит барысында экономика, технология, мәдениет және ортақ тарихи мұра тақырыптары кеңінен қозғалды. Осыған орай біз де түркітілдес халықтардың музыкалық аспаптарына қысқаша тоқталып өтуді жөн көрдік. Әрине, түркі халықтарының музыкалық мәдениеті өте кең. Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл кеңістікте ішекті, үрлемелі, ұрмалы және ысқышты аспаптардың ондаған түрі кездеседі. Олардың әрқайсысы белгілі бір тарихи ортада, тұрмыс пен дәстүр аясында дамыған. Кей аспаптар бірнеше халыққа ортақ болғанымен, орындау мәнері мен дыбыстық ерекшелігі әр елде өзгеше қалыптасты.

Бұл материалда барлық аспапты қамту мүмкін емес. Сондықтан біз тек ең кең таралған әрі халық мәдениетінде ерекше орын алған үш аспаптан ғана алдық. Сонымен қатар бұл жолы тек ресми тәуелсіз мемлекет ретінде танылған түркі елдерінің музыкалық аспаптарына ғана шолу жасадық. Яғни қырғыз, өзбек, түрікмен, түрік және әзербайжан халықтарының ең танымал аспаптарына қысқаша тоқталамыз.

Қомыз - қырғыз халқының ең кең таралған шертпелі музыкалық аспаптарының бірі. Ол ағаштан тұтас ойылып жасалады. Шанағы шағын, мойны ұзын келеді. Көп жағдайда үш ішекті болып келеді және ішектері саусақпен шертіледі. Пернесіз аспап болғандықтан орындаушы дыбысты саусақтың орналасуы арқылы еркін өзгерте алады. Аспап жеке орындауда да, жыр айтуда да қолданылған.

Қырғыз арасында қомыздың шығуы туралы бірнеше аңыз бар. Соның бірінде аңшы тауда ағаш бұтағына тартылып қалған ішектің желмен тербеліп дыбыс шығарғанын естиді. Кейін сол дыбысты қайталауға тырысып, алғашқы қомузды жасайды деген әңгіме кездеседі. Тағы бір нұсқада қомыз табиғат дыбыстарын жеткізу үшін пайда болған аспап ретінде сипатталады.

Қыл қыяқ - қырғыздың ысқышпен ойналатын көне аспаптарының бірі. Аспаптың шанағы ожау тәрізді ойылып жасалады, мойны ұзын болады. Екі ішекті болып келеді, ішектері мен ысқышы көбіне жылқы қылынан жасалған. Қыл қыяқ тік ұсталып ойналады. Оның дыбысы көмейден шыққан үнге ұқсас деп сипатталады.

Аспаптың шығуы туралы аңыздар көбіне жылқымен байланысты. Қырғыз түсінігінде жылқы қылы ерекше қасиетке ие болған. Кей әңгімелерде алғашқы қыл қыяқ бақсылардың зікір және емшілік рәсімдерінде қолданылғаны айтылады.  Қыл қыяқтың үні қырғыздың таулы табиғатымен жиі байланыстырылып айтылады. Кей орындаушылар аспап арқылы жел, су, аң-құс дыбыстарын бейнелеуге тырысқан. 

Темір қомыз - темірден жасалатын шағын тілшелі музыкалық аспап. Ол ауыз қуысына тіреліп ойналады. Орындаушы темір тілшені саусақпен қағып, дыбысты ауыз бен тыныс арқылы өзгертеді. Аспап көлемі жағынан өте кішкентай болғанымен, дыбыс мүмкіндігі күрделі. Темір қомыз көбіне жеке орындауда қолданылған.

Қызықты ерекшелігінің бірі — темір қомыз көбіне әйелдер арасында да кең таралған. Сонымен бірге аспапты алып жүру оңай болғандықтан, ол көшпелі ортада ыңғайлы музыкалық құралға айналды. Қазіргі кезде темир қомуз халықаралық әлем сахналарында да жиі орындалады.

Дутар - өзбек халқының ең көне әрі кең таралған шертпелі аспаптарының бірі. Аспаптың атауы парсы тіліндегі “ду” - екі және “тар” - ішек деген сөздерден шыққан. Яғни “екі ішекті аспап” деген мағына береді. Дутардың шанағы ұзынша әрі сопақтау болып келеді, көбіне тұтас ағаштан ойылып немесе бірнеше ағаш бөліктерінен құрастырылып жасалады. Мойны ұзын, пернелері жіптен байланады. Ішектері бұрын жібектен немесе ішектен жасалса, кейін нейлон мен басқа материалдар қолданыла бастады. Дутар көбіне саусақпен шертіліп орындалады. Оның дыбысы жұмсақ, терең және лирикалық сипатымен ерекшеленеді. Өзбек музыкалық дәстүрінде дутар жеке орындауда да, ән сүйемелінде де маңызды орын алған. Әсіресе Ферғана, Хорезм және Бұхара мектептерінде дутардың орындаушылық мәнері әртүрлі дамыған.

Дутар тек өзбек халқына ғана тән емес. Ол түрікмен, тәжік және ұйғыр музыкалық мәдениетінде де кездеседі. Бірақ әр халықта оның формасы мен орындау тәсілі өзгеріп отырған. Өзбек дәстүрінде дутар көбіне мақом өнерімен тығыз байланысты дамыды. Әсіресе Шашмақом орындаушылығында дутар маңызды аспаптардың біріне айналды.

Танбур - өзбек классикалық музыкасының негізгі аспаптарының бірі. Бұл ұзын мойынды шертпелі аспаптың шанағы дөңгелек немесе алмұрт тәрізді болып келеді. Мойны өте ұзын және онда металл пернелер орналасады. Ішектері көбіне металлдан жасалады. Танбур медиатор арқылы орындалады, сондықтан оның дыбысы дутарға қарағанда ашық әрі жарқын шығады. Танбур әсіресе өзбек және тәжік мақом дәстүрінде ерекше орын алады. Ол кәсіби сарай музыкасының негізгі аспаптарының бірі саналған. Бұхара, Самарқан және Хиуа музыкалық орталықтарында танбур орындаушылығы жоғары деңгейде дамыды. Аспап күрделі мақом шығармаларын орындауға бейімделген.

Аңыздардың бірінде танбур адамның жан дүниесін тыныштандыратын аспап ретінде сипатталады. Кей сопылық ортада танбур ерекше рухани мәнге ие болған. Оның үні адамның ішкі әлеміне әсер етеді деп сенген. Сондықтан кейбір діни-рухани жиындарда танбур пайдаланылғаны туралы деректер бар.

Дойра - өзбек халқының ең танымал ұрмалы аспаптарының бірі. Ол ағаш шеңберге керілген теріден жасалады. Кей нұсқаларында шеңбердің ішкі бөлігіне металл сақиналар немесе сылдырмақтар бекітіледі. Дойра қолмен ұрып ойналады және ырғақтық сүйемел қызметін атқарады.

Өзбек музыкасында дойра тек қосалқы аспап емес. Кей кәсіби орындаушылар дойраны жеке концерттік деңгейде орындайды. Әсіресе мақом ансамбльдерінде дойра негізгі ырғақтық тірек болып саналады. Оның көмегімен музыканың өлшемі мен қозғалысы қалыптасады.

Гыжак - түрікменнің ысқышпен ойналатын ішекті аспабы. Ол көбіне екі немесе үш ішекті болып келеді. Шанағы шағын, мойны ұзындау, аспап тік ұсталып орындалады. Ішектеріне ысқыш жүргізу арқылы дыбыс алынады. Үні созылыңқы, мұңды, кейде адам даусына жақын болып естіледі. Гыжак түрікмен музыкасына ерекше бояу береді. Егер дутар жыр мен сөзге жақын болса, гыжак көбіне әуеннің созылыңқы, лирикалық жағын ашады. Ол ансамбльде де, жеке орындауда да қолданылады. Дыбысының табиғаты дала кеңістігімен, ұзақ созылатын сарынмен жақсы үйлеседі.

Гыжактың шығуы туралы аңыздар жылқы қылымен байланысты айтылады. Көптеген түркі халықтарындағы ысқышты аспаптар сияқты, оның ішегі мен ысқышы ертеде жылқы қылынан жасалған. Сондықтан аспаптың үні жылқы, көшпелі өмір және дала кеңістігімен байланыстырылған.

Түйдүк - түрікменнің үрлемелі аспабы. Ол көбіне қамыстан жасалады. Құрылысы қарапайым көрінгенімен, орындау тәсілі күрделі. Түйдүк арқылы ұзақ созылатын, тынысты қажет ететін әуендер орындалады. Оның үні ашық, сәл мұңды, дала желін еске түсіретін сипатта болады.

Түйдүк түрікмен бақташылық мәдениетімен тығыз байланысты. Мұндай аспаптар көбіне малшылар арасында таралған. Қамыстан жасалуы да оның табиғи ортаға жақындығын көрсетеді. Аспапты жасау үшін арнайы күрделі шеберхана қажет емес, бірақ жақсы дыбыс шығару үшін материалды дұрыс таңдау және тесіктерін дәл орналастыру маңызды.

Қызықты дерек — түрікмен мәдениетінде түйдүк тек көңіл көтеру аспабы емес. Ол жалғыздық, сағыныш, кең дала, көшпелі өмір сезімдерін жеткізетін аспап ретінде қабылданады. Дутар мен гыжакқа қарағанда түйдүк сөзі жоқ әуен арқылы әсер етеді.

Бағлама - түрік халқының ең кең таралған шертпелі музыкалық аспабы. Көп жағдайда оны жай ғана “саз” деп те атайды. Аспап ұзын мойынды, пернелі және бірнеше ішекті болып келеді. Шанағы алмұрт тәрізді, ағаштан құрастырылып жасалады. Мойнында көптеген перне болады, бұл түрік музыкасының күрделі ладтық жүйесін орындауға мүмкіндік береді. Бағлама көбіне медиатормен ойналады.

Аспаптың бірнеше түрі бар: қысқа мойынды, ұзын мойынды, шағын және үлкен нұсқалары кездеседі. Түркияның әр аймағында орындау мәнері де өзгереді. Кей өңірлерде бағлама ән сүйемеліне қолданылса, кей жерлерде жеке аспаптық орындау дамыған. Оның дыбысы жарқын, ашық әрі ырғаққа бай келеді.

Бағлама түрік халық музыкасының негізімен тығыз байланысты. Әсіресе ашықтар мен халық жыршылары осы аспаппен ел аралап, жыр айтқан. Сондықтан бағлама тек музыкалық құрал емес, ауызша поэзия мен халық жадын жеткізетін аспап ретінде де маңызды болған.

Ней - түрік музыкасының ең көне әрі ерекше үрлемелі аспаптарының бірі. Ол қамыстан жасалады және ұзынша сыбызғы тәрізді келеді. Нейдің бірнеше ойығы болады, орындаушы дыбысты тыныс пен еріннің орналасуы арқылы өзгертеді. Аспаптың үні жұмсақ, терең және созылыңқы болып естіледі. Ней Түркиядағы классикалық осман музыкасы мен сопылық дәстүрде ерекше орын алған. Әсіресе мәулауи тариқатының зікір рәсімдерінде ней негізгі аспаптардың бірі саналған. Оның үні адамның ішкі әлемімен, жалғыздықпен және рухани ізденіспен байланыстырылып түсіндірілген.

Ней туралы ең танымал аңыздардың бірі сопылық әдебиетте кездеседі. Онда қамыстан кесіліп алынған ней туған жерінен айырылған адамның мұңын білдіреді деп айтылады. Сондықтан нейдің үні сағыныш пен рухани ізденістің символына айналған. Бұл түсінік әсіресе Жәлеладдин Руми шығармаларында кең тараған.

Тар - әзербайжан халқының ең танымал әрі ең күрделі ішекті музыкалық аспаптарының бірі. Ол ұзын мойынды, көп ішекті шертпелі аспаптарға жатады. Аспаптың шанағы қос қуысты болып келеді және көбіне тұтас тұт ағашынан ойылып жасалады. Беті мал терісімен қапталады. Қазіргі әзербайжан тарында он бір ішек болады. Олар әуендік, қосалқы және резонанстық қызмет атқарады. Аспап медиатор арқылы ойналады.

Тардың дыбысы өте бай әрі жарқын. Ол бір мезетте әрі нәзік, әрі қуатты естіле алады. Әзербайжан музыкасының әсіресе мугам дәстүрінде тар негізгі аспаптардың бірі саналады. Мугам орындауында тар тек сүйемел құралы емес, музыкалық ойды жүргізуші аспап ретінде қабылданады.

Кяманча — әзербайжанның көне ысқышты аспаптарының бірі. Оның шанағы дөңгелек болып келеді және терімен қапталады. Мойны ұзын, төменгі жағында тіреуі болады. Аспап тік ұсталып ойналады. Ішектеріне ысқыш жүргізу арқылы дыбыс шығарылады.

Кяманчаның үні өте созылыңқы әрі адам даусына жақын. Сондықтан ол мугам орындауында ерекше маңызды орын алады. Кейде кяманча орындауы әншінің дауысымен қатар жүріп, бір-бірін толықтырады. Әзербайжан музыкасының лирикалық табиғаты осы аспап арқылы айқын естіледі.

Кяманчаның тарихы өте көне кезеңдерге кетеді. Ортағасырлық миниатюраларда оған ұқсас аспаптар жиі кездеседі. Кей зерттеушілер оның түп-тамыры Иран, Кавказ және Орта Азиядағы көне ысқышты аспаптармен байланысты екенін айтады. Бірақ әзербайжан орындаушылық мектебі кяманчаны ерекше кәсіби деңгейге жеткізді.

Түркі халықтарының музыкалық аспаптарына қарағанда бір қызық құбылыс байқалады. Кейбір аспаптардың атауы ғана емес, құрылымы, орындау тәсілі, тіпті дыбыстық табиғаты да бір-біріне жақын келеді. Мысалы, дутар бірнеше халықта кездеседі, қыл қияқ пен кяманча сияқты ысқышты аспаптардың арасында да ортақ белгілер бар. Үрлемелі аспаптарда да ұқсас сарындар байқалады.

Әрине, уақыт өте келе әр халық өз орындаушылық мектебін қалыптастырды. Аспаптардың формасы, перне жүйесі, дыбысы, репертуары өзгерді. Соған қарамастан олардың арасында ортақ тарихи және мәдени қабат сақталып қалғаны сезіледі. Кей жағдайда орындалатын әуендердің мінезі де ұқсас болып келеді: созылыңқы сарын, терең дыбыс, жыршылықпен байланыс, табиғат үнін жеткізуге ұмтылу сияқты ерекшеліктер бірнеше халыққа ортақ кездеседі.

Бұл ұқсастықтар түркі халықтарының ұзақ уақыт бойы тарихи, мәдени және рухани байланыста болғанын көрсетеді. Музыкалық аспаптар сол ортақ кеңістіктің дыбыстық ізі сияқты. Сондықтан түркі аспаптарын зерттеу — тек музыка тарихын емес, халықтардың өзара жақындығын да түсінуге мүмкіндік береді.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп,   Аikyn.kz     сайтына   белсенді  гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.