Астана қаласында қайтыс болған әйелдің донорлық ағзасы бес адамның өмірін құтқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
45 жастағы Әлия 6 сәуір күні кешке жұмыстан қайтып келе жатып, кенеттен есінен танып қалған. Жедел жәрдемді көшеде өтіп бара жатқан кездейсоқ адам шақырған. Келесі күні дәрігерлер науқастың жағдайы өте ауыр екенін және тромб үзіліп кеткенін мәлімдеген.
Марқұмның әпкесі Дина Ғайсарованың айтуынша, 7 сәуір күні таңертең дәрігерлер Әлияның жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған. Оған шұғыл ота жасалғанымен, өкінішке қарай, нәтиже болмаған. Кейін дәрігерлер ми өлімі тіркелгенін айтып, туыстарына қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесін қарастыруды ұсынған.
"Ол көзі тірісінде: “Егер маған бірдеңе болса, ағзамды басқа адамдарға беріңдер!” деп айтып жүретін", – дейді марқұмның анасы Қазима Ғайсарова.
Әлияның артында үш баласы қалды. Олардың екеуі – кәмелетке толмаған, ал кенжесі небәрі 8 жаста.
Донордан жүрек, бауыр, өкпе және екі бүйрек алынған. Кейін бұл ағзалар бес реципиентке сәтті трансплантацияланды.
Қазіргі таңда eGov платформасы арқылы Қазақстанда 16 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Ал 100 мыңнан астам азамат донор болудан бас тартқан.
Елімізде бүгінде шамамен 4,6 мың адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Оның 4 мыңға жуығына бүйрек қажет. Арасында 100-ден астам бала бар.