Қазақстанда құрбан шалуды енді онлайн жасауға болады

Енді тұрғындар малды қашықтан таңдап, бағасына келісіп, төлемді интернет арқылы жасай алады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт кезінде құрбандықты онлайн шалуға арналған арнайы платформаны іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді тұрғындар малды қашықтан таңдап, бағасына келісіп, төлемді интернет арқылы жасай алады. Сатып алынған мал мешіт қызметкерлерінің қатысуымен шариғат талаптарына сай сойылып, еті мұқтаж отбасыларға таратылады.

Платформада қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа ұсынылған. Сондай-ақ ірі қараны жеті адам бірігіп шалуға мүмкіндік бар. Тапсырыс берушілерге құрбан шалу рәсімінің фото және видео есебі жіберіледі.

Имамдардың айтуынша, онлайн құрбан шалу шариғатқа қайшы емес әрі әсіресе басқа қалада жүрген немесе уақыты тапшы азаматтар үшін өте ыңғайлы.

Нұр ғасыр мешіті наиб имамы Нұрбол Смағұловтың сөзінше, тапсырыс арқылы шалынған малдың еті мешіттердегі мұқтаж жандар тізімі бойынша таратылады.