Қазақстанда ауа райы күрт өзгеріп, дауылды ескерту жасалды

Синоптиктердің болжамынша, жексенбі күні еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Қазақстанның басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, жексенбі күні еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда батыс, оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда атмосфералық фронттардың әсерінен найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Күндіз оңтүстік-батыста нөсер жаңбыр күтіледі. Ал шығыс өңірлерде жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін.

Сондай-ақ республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік, батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде шаңды дауыл тұруы ықтимал. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-батыс аймақтарда түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі болжанып отыр.

Түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде, сондай-ақ Абай облысының батысында үсік болып, топырақ бетінің температурасы -2 градусқа дейін төмендейді.

Атырау облысының солтүстік-батысында, Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында, Қостанай облысының орталығында, Павлодар облысының батысы, шығысы және оңтүстігінде, Қызылорда облысының солтүстігінде, Түркістан және Қарағанды облыстарының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл және Алматы облыстарының батысында, Шығыс Қазақстан облысының орталығында, Ақмола мен Ұлытау облыстарының оңтүстігінде, Абай облысының шығысында, сондай-ақ Атырау облысының оңтүстігі мен Ақмола облысының солтүстігі және орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Сонымен қатар Қызылорда облысында, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында, Павлодар және Ұлытау облыстарының шығыс аймақтарында төтенше өрт қаупі күтіледі.