АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты кезекті қатаң мәлімдеме жасап, Тегеран Вашингтонмен келісімге келмесе, «өте ауыр салдарға» тап болатынын айтты. Бұл туралы ол француздың BFMTV телеарнасына берген телефон арқылы сұхбатында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Трамптың айтуынша, Иран билігінің мәмілеге баруға дайын екені белгісіз. Алайда ол келісімнен бас тарту Тегеран үшін үлкен проблема болатынын ескертті.
— Олардың бұған келісетінін я келіспейтінін білмеймін. Бірақ егер келіспесе, оларды өте қиын кезең күтеді. Сондықтан келісімге келгендері дұрыс, — деді АҚШ президенті.
Ақ үй басшысы келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда қандай шаралар қабылдануы мүмкін екенін нақтылаған жоқ. Оның мәлімдемесі Иранның ядролық бағдарламасы мен Тегеранның аймақтағы саясатына байланысты АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген тұста жасалып отыр.
CNN телеарнасы бұған дейін Трамптың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуден айтарлықтай нәтижесіз оралғанын хабарлаған болатын. Әсіресе Иран мәселесі бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілмегені айтылды.
Басылым деректеріне сәйкес, Трамп әкімшілігінде Иранға қатысты алдағы қадамдар бойынша пікірталас күшейген. Пентагон өкілдері қатаң әрі агрессивті саясат ұстануды қолдаса, кейбір шенеуніктер дипломатиялық жолды сақтап қалуды жөн көреді. Соңғы апталарда Трамптың өзі де дипломатиялық шешімге бейім болғанымен, түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.
Сонымен қатар Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп Вашингтон қаласа, «екі күннің ішінде Иранның бүкіл инфрақұрылымын жойып жібере алатынын» мәлімдеді. Ол сондай-ақ Тегеранды келіссөздер барысында «сенімсіз әрі болжап болмайтын саясат ұстанып отыр» деп сынға алды.