Алатау қаласының аспанында ерекше әуе аппараты видеоға түсіп қалды

Жобаға Оңтүстік Корея, Италия және Қытайдан халықаралық серіктестер қатысып жатыр

Әлеуметтік желіде Алатау қаласының үстінен ұшып бара жатқан ерекше әуе аппаратының видеосы тарады. Бейнежазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.

Видео жарияланғаннан кейін Tengrinews.kz редакциясы Алатау қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдап, қалада нақты не болып жатқанын сұраған.

Әкімдік кадрларда AutoFlight компаниясының eVTOL жолаушылар электр аппаратының сынақ ұшуы түсірілгенін растады. Бұл аппарат тік ұшып-қону мүмкіндігіне ие.

Әкімдік мәліметінше, сынақ жұмыстары Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы демонстрациялық ұшуға дайындық аясында өтіп жатыр. Демонстрациялық ұшу 2026 жылғы 19 мамырға жоспарланған.

Мұндай ірі жобалар кезең-кезеңімен дайындықты, технологияларды сынауды және барлық қауіпсіздік жүйелерін тексеруді талап етеді. Сондықтан қазір Алатауда пилоттық кезең жүріп жатыр. Оның аясында мамандар жаңа буындағы жолаушылар әуе аппараттарының мүмкіндіктерін, жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелерді және қалалық ортадағы әуе қозғалысын цифрлық басқару технологияларын сынақтан өткізуде.

Жобаға Оңтүстік Корея, Италия және Қытайдан халықаралық серіктестер қатысып жатыр. Демонстрациялық ұшу мен сынақ жұмыстарын қазақстандық Alatau Advance Air Group компаниясы мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастыруда.

Әкімдік барлық ұшулар уәкілетті органдармен келісілгенін және қауіпсіздік талаптары сақтала отырып жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.