«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен онлайн форматта кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі әрі Әйелдер қанатының «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу» басым бағытының тең төрағасы Айгүл Құспан, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Сержан Сәрсенбаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Дилором Файзиева, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Қалқаманов және Өзбекстанда білім алып жатқан қазақстандық жастар қатысты.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Қазақстан мен Өзбекстанды терең тарихи және мәдени байланыс, сондай-ақ берік достық қарым-қатынас біріктіретінін атап өтті.
«Бүгінде жастар жаңа идеялардың, білім мен мүмкіндіктердің қозғаушы күшіне айналып отыр. Өзбекстанда білім алып жүрген қазақстандық студенттер екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосуда», – деді ол.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Сержан Сәрсенбаев екі ел арасындағы байланыс жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын алға тартты.
«Бүгінде білім беру ісі мен жастар саясаты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттарының біріне айналып отыр», – деді ол.
Ал Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Қалқаманов Өзбекстанда білім алып жатқан қазақстандақ жастар туралы ақпаратпен бөлісті.
«2025 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қазақстандағы 36 жоғары оқу орнында оқиты 868 студент Өзбекстанның жоғары оқу орындарында білім алды. Сондай-ақ Өзбекстанның 151 студенті Қазақстандағы 18 жоғары оқу орнында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдады. Бүгінде Қазақстандағы 98 жоғары оқу орнында Өзбекстанның 4139 азаматы білім алуда. Олардың басым бөлігі педагогика, бизнес және құқық, инженерия, денсаулық сақтау, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттары бойынша оқиды», – деді ол.
Сонымен қатар екі елдің профессорлық-оқытушылық құрамы арасындағы ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. 2025 жылы Қазақстан университеттеріне Өзбекстаннан 223 оқытушы мен ғалым шақырылды. Олардың қатарында PhD докторлары, ғылым докторлары және кандидаттар бар.
Бірлескен білім беру бағдарламалары мен халықаралық жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы 600-ден астам келісім бар. Бұған қоса, екіжақты диплом бағдарламалары, бірлескен білім беру бастамалары және ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.
Екі ел арасындағы білім беру жобаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Чирчик қаласында Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті филиалын, сондай-ақ Алматы қаласында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты филиалын ашу барысы айтылды.
Кездесу қорытындысында «AMANAT» партиясының өкілдері шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттерге қолдау көрсетуді жалғастыру, жастардың бастамаларын дамыту және екі ел арасындағы білім беру интеграциясын нығайту ісінің маңызын атап өтті.