Экосаябақ – ел игілігіне

Қарағанды қаласында құрылыс қарқын алып, жаңа тұрғын үй, зәулім сарайлар салынуда. Сонымен қатар халық демалатын орындардың саны артуда. Қарағандыда қаланың ең ірі жасыл аймақтарының біріне айналатын жаңа экосаябақ салына бастады.

Жаңа саябақ  Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ша­ғынаудандарының арасында орналасады. Эко­саябаққа 200 гектар жер бөлінген. Жобаның баста­масы ретінде ағаш егу жұмыстары қолға алынды.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы ая­сында мың түп ағаш – емен, алма, қарағай және қа­рағаш көшеттері егіліп,  болашақ саябақтың ірге­тасына символикалық тас қойылды.

Ауқымды іс-шараға жастар, еріктілер, қоғам бел­сенділері мен депутаттар қатысты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлек­паев мұндай жобалардың қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

–  Біз Қарағандыда жаңа экосаябақ ашып жатырмыз. Бұл – өте жақсы бастама. Аумағы кең, маңайда жаңа шағынаудан мен спорттық кластер са­лынып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа ұқыпты қарау әр тұрғын­ның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет айтқан болатын. Бүгінде бұл қағидалар ел бойынша мыңдаған адамды біріктірген «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асы­рылып келеді. Экосаябақ – енді жай ғана демалыс орны емес, экология мен адамдардың өмір сапасына әсер ететін заманауи қалалық ортаның бір бөлігі. Әрбір жаңа ағаш – таза ауа мен Қарағандының болашағына қосылған үлес. Жайлы әрі таза қала әр адамның өз ауласына, көшесіне және қоршаған ортаға деген ілтипатынан басталады. Тұрғындар мен бизнесті көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын, –  деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. 

Қарағанды тұрғыны Магомед Зауров бала кезінен болашақ экосаябақ аумағындағы көлдердің маңында уақыт өткізгенін айтты.

Тұрғындар мен бизнесті көгалдандыру жұмыс­тарына белсенді қатысуға шақырамын. Мен үшін Қарағанды – Қазақстандағы ең үздік қала. Біз осы жерде шомылып, балық аулайтынбыз. Енді бұл жер бұрынғыдан да көркейіп, егілген барлық ағаш тамыр жайып, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантса екен деймін, – деді ол.

Ерікті Жанарай Санақбайдың айтуынша, жастар экологиялық бастамаларды белсенді қолдайды.

– Мен жеті жылдан бері волонтерлікпен айна­лысып келемін. Біз экологиялық акциялар мен ағаш егу шараларына үнемі қатысамыз. Осындай саябақ­тың ашылуы – қаланың болашағы мен жастар үшін тамаша идея, – дейді ол.

Экосаябақ құрылысы Қарағандының жаңа ауданын дамыту жобасының бір бөлігіне айналады. Қазірдің өзінде Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын айналма жол салынып жатыр.

Алдағы уақытта мұнда серуендеуге арналған аллеялар, спорт алаңдары, веложолдар және барлық жастағы тұрғындарға арналған демалыс аймақтары пайда болады.

Саябақ аумағында коммерциялық нысандар салу жоспарланбаған. Оны серуендеуге, отбасылық де­малысқа және таза ауада спортпен айналысуға ар­налған орын ретінде сақтау көзделіп отыр.

Сонымен қатар бұл аумақта көлемі 72 гектар болатын ірі спорттық кластер құру жоспарланған. 

Жоба аясында әмбебап арена, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, 12 мың көрерменге арналған UEFA санатындағы стадион салынып, Футбол академия­сының құрылысы басталып кетті.

Айта кету керек, былтыр Майқұдық пен Оңтүстік-Шы­ғыс шағынаудандарын байланыстыратын за­манауи талаптарға сай магистраль салынған бола­тын. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер жол құ­ры­лысының сапасына жоғары баға беріп, «жол Еу­ропадағыдай әдемі» деп ризашылықтарын біл­дірді.

Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 5,9 шақырымды құрайды. Ол Мұқанов пен Тәттімбет көшелерінің қиылысынан басталып, Көгілдір тоғандар ауданын­дағы Шығыс айналма трассасына дейін созылады. 

Бұл жоба қаланың орталық көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, қозғалыс уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы