Жастар қауіпсіздігі – жасырын мәселе

Қызылордадағы «Болашақ» университеті жанындағы ме­ди­циналық колледж жатақханасында болған студенттің қа­засы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Небәрі 16 жа­сында арман қуып, оқуға түскен жасөспірімнің өлімі жас­тар арасындағы әлімжеттік, тәрбие және білім беру ұйым­да­рындағы бақылау мәселесін қайтадан күн тәртібіне шы­ғарды.

Қапияда көз жұмған Нұрдәулет Мыр­залының медицина сала­сы­ның маманы болу мақсатында қа­лаға ке­ліп, колледждің І курс сту­денті атан­ған. Алайда қапияда бол­ған қай­ғылы жағдай туыс­тары­ның ғана емес, барша қазақ елінің қа­бырғасын қайыстырып кетті. Нұрдәулеттің туыстары жатақ­ха­на­да болған жағдайды жазатайым оқи­ға деп есептемейді. Баланың қа­сақана жа­салған қылмыстың құр­баны бол­ғанын айтып, кінә­лі­лер­дің әділ жазалануын талап ету­де. 

Бұл бірінші кезекте еліміздегі жа­­тақханалардың бүгінгі күйі, жас­­тар психологиясы және білім беру жүйесінің солқылдақ кө­рі­ні­сін бай­қатса керек. Ең алаң­да­тар­лы­ғы – қоғам белсенділері мен әлеу­меттік желі қолданушылары осы оқу орнында бұған дейін де сту­дент өлімі тіркелгенін айтып отыр. Яғни, оқу орнында қысқа уа­қыт ішінде бірнеше қайғылы жағ­дай болғанға ұқсайды.

Кейбір деректерге сәйкес, елі­мізде 600 мыңнан астам студент бі­лім алады. Оның ішінде жатақ­ха­на­ға мұқтаж студент жастардың қатары әлі де сиремей тұр. Соған орай кейінгі жылдары мемлекет та­рапынан жаңа жатақханалар салу ісі қарқынды жүргізілгенімен, ондағы қауіпсіздік пен тәрбие жұ­мысы қалыста қалып тұрғандай. Өйт­кені ресми статистикаға сү­йен­­­сек, кейінгі 5 жылда еліміздегі оқу орын­дарында және жатақ­ха­на­лар­да тіркелген құқықбұзушылықтар са­ны азаймай отыр. Тағы бір де­рек­терге сәйкес, кәмелетке толма­ған­дар мен жастар арасында жаса­ла­тын құқықбұзушылықтың ша­мамен 12-15 пайызы көп жағдайда бі­лім беру ұйымдарына жақын ау­мақта немесе жатақхана ішінде орын алатыны айтылады. Оның ішін­де денсаулыққа қасақана зиян кел­тіру, бопсалау, қорқыту, әлім­жет­тік секілді фактілер жиі ұшыра­сады екен.

Кейінгі жылдары елімізде жа­сөс­пірімдер арасындағы құқық­бұзу­­­шылық бойынша оқиғалардың ас­қынып бара жатқаны жиі ай­ты­ла­ды. Себебі көп жағдайда жастар құ­қықбұзушылық, өзіне қатысты әлімжеттік жасалғанын айтып, по­лицияға арыздануға намыста­на­ды. Соның салдарынан қасақана жа­салатын қылмыстың түбегейлі жолын кесу мүмкін болар емес.

Әлімжеттік мәселесі әлі де өзекті

Кеңес заманынан бері жастар ара­сындағы әлімжеттік жиі кезде­се­тіні жасырын емес. Әсіресе, жа­­­тақ­­ханаларда жоғары курс сту­дент­терінің төменгі курсқа қысым көр­­­­­сетуі кеңінен белең алып тұр. Оның ішінде ақша талап етуі, күш көрсету, өз ортасынан шеттетілуі сын­ды жайттарға түбегейлі то­с­қауыл қойылмай тұрғаны қынжыл­тады. «Болашақта» болған жасөс­пірім­­дердің бассыздықтары соның ай­қын көрінісі іспетті.

Өз кезегінде құқық қорғау ор­га­­­нынан аталмыш оқиға бойынша сұрап көрдік. Құзырлы орын тара­пы­нан қайғылы жағдай негізінде қыл­мыстық іс қозғалып, тергеу амал­дарын жүргізіп жатқанын мә­лімдеп отыр.

– 8 мамырда алған дене жара­қат­­­тарының салдарынан 16 жас­та­ғы колледж оқушысы қайтыс бол­ды. Аталған дерек  бойынша қыл­­мыстық іс қозғалды. Күдікті оқи­ға орнында ұсталып, сот санк­ция­сымен қамалды. Қазір барлық қа­жетті тергеу әрекеттері жүр­гі­зілу­де. Соның аясында оқиғаның куә­герлерінен жауап алынды. Со­ны­мен қатар қылмыстық іс шең­берін­де жәбірленуші тараптың бар­лық уәжі тексерілетін болады. Бұ­дан бөлек, кәмелетке толмаған адам­ды қадағалауды жүзеге асы­ру­ға мiндеттi мекеме қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамау де­регі бойынша қылмыстық іс қоз­ғалды. Қылмыстық істерді тергеу барысы полиция департаменті бас­шылығының ерекше бақы­лауын­да, – дейді бұл жөнінде Қы­зыл­орда полиция департаментінің бас­пасөз қызметінен.

Қазір «оқу орындары мен жа­тақ­ханаларда қылмыстың алдын алу үшін қайтпек керек» деген заң­ды сұрақ көптің көкейін ма­за­лап тұр. Психолог мамандардың пайым­дауынша, жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлімжеттік көп жағдайда әлсіз бақылаудың сал­дарынан туындап тұрғанын рас­тайды. Бұл тұрғыда, бірінші ке­зекте, жатақханада тәрбиеші, пси­холог, комендант тарапынан жүйе­лі жұмыстар жүргізілу қажет­ті­лігі өздігінен сұранып тұр. Әйт­песе, мұндай тәртіпсіздіктің соңы  психологиялық қысымнан бастап, физикалық зорлыққа дейін ұласуы мүмкін. 

Қазірдің өзінде балғын ғұмыр­дың қазасынан кейін әлеуметтік же­лілерде көптеген пікірдің ай­ты­лып жатқанын байқауға болады.  Осының өзі қоғамда әлімжеттікке қа­тысты мәселенің әлі де ушығып тұр­ғанын аңғартқандай.

Жатақханадағы бақылау әлсіз бе?

Марқұмның ата-анасының ай­туын­ша, қылмыс түн мезгілінде оқу орнының фитнес залында жо­ғары курс студенттер тарапынан бол­ған әлімжеттіктен туындаған. Тіп­ті, ауыр соққыдан қанға бөккен ба­ланы дәлізде сүйреп, бөлмесіне апа­руға әрекеттенгені де айтылады. Сол сәтте сұмдық жайттың куәсі бол­ғандар жедел полиция шақырт­қан. Әкесі дер уақытында жедел жәр­дем шақырылса, ұлы аман қа­лар ма еді деген өкінішін жеткізіп отыр. Қиыны сол, фитнес залдың кіре­берісіне бейнебақылау каме­ра­лары орнатылғанымен, залда ба­­қылау камерасы жоқ екені ай­ты­лады. Соның салдарынан ба­ла­лар арасында нақты не жағдай бол­ғанын дөп басып айту қиын. 

Бұл жерде негізгі мәселе бей­не­­­бақылау жүйесінің әлсіздігіне ке­ліп тіреледі. Осы орайда кейбір де­ректерге сәйкес, Қазақстандағы сту­денттік жатақханалардың ша­ма­мен 20 пайызында қауіпсіздік жүйесі толық орнатылмағаны ай­ты­лып жүр. Бұл да түнгі тәртіпсіз­дік­ке тосқауыл қоюға кері әсерін ти­гізері сөзсіз. 

Қазір қайғылы жағдайдан кейін құқық қорғаушылар аяқ­та­ры­нан тік тұрып, тиісті сақтық ша­раларын жүргізіп жатқанын мә­лімдеп отыр. Бұл тұрғыда Қы­зыл­орда облысы полиция депар­та­менті өңір көлемінде кәмелетке тол­мағандар арасындағы құқық­бұзу­шылықтың алдын алу бағы­тындағы жұмыстарды күшейткенін жеткізді.

«Бүгінде облыстағы барлық бі­лім беру ұйымдарына кәмелетке тол­мағандар ісі жөніндегі аумақ­тық инспекторлар, учаскелік по­ли­ция инспекторлары және жедел уә­кілдер бекітілген. Ал олардың қыз­метін үйлестіруге басқарма мен бө­лім басшылары жауапты болып тағайындалған. Мұндағы басты мақсат – жасөспірімдер арасында құ­қықтық сауаттылықты арт­ты­рып, «Заң мен тәртіп» қағидатын қа­лыптастыру.

Полиция қызметкерлері мек­теп әкімшілігімен және сала ма­ман­дарымен бірлесе отырып, оқу­­­шылар мен ата-аналар ара­сын­да түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүр­гізуде. Кездесулерде буллинг, топ­тық төбелес, интернет қауіп­сіз­дігі, зиянды әдеттердің алдын алу жә­не түнгі мезгілде балалардың қа­раусыз жүруі секілді өзекті мә­се­лелер кеңінен қозғалады. Мұн­дай кездесулер жасөспірімдердің құ­қықтық мәдениетін қалып­тас­ты­рып қана қоймай, олардың бойын­да жауапкершілік сезімін арт­тыруға ықпал етуде.

Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде «Жасөс­пі­рім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы ба­лалар» атты жедел профилак­ти­ка­лық іс-шаралар да ұйымдас­ты­ры­лып келеді. Сонымен қатар «Түн­гі қала» және «Квадрат» әдіс­те­рі бойынша рейдтік жұмыстар тұ­рақ­ты жүргізілуде. Бұл іс-ша­ра­лар­ға полиция қызметкерлерімен қа­тар, жергілікті атқарушы ор­ган­дар мен білім беру саласының өкіл­дері де қатысады», – деді об­лыс­тық полиция департамен­ті­нен.

Негізінен, мұндай жұмыстар өңір­де тұрақты түрде жүргізіліп ке­ле жатқанын да алға тартады. Ат­қарылған жұмыстар нәтижесіз де емес. Соның негізінде жыл ба­сы­нан бері облыс көлемінде 4279 құ­қықбұзушылық анықталған. Оның ішінде қаңғыбастық пен кез­белікке салынған 114 жасөс­пі­рім бейімдеу орталығына орна­лас­тырылған. Сондай-ақ түнгі уа­қыт­та заңды өкілінсіз ойын-сауық орын­дарында немесе тұрғын жай­дан тыс жүрген 2589 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауап­кер­ші­лік­ке тартылып,  баланы тәрбиелеу мен білім беру міндетін тиісінше орындамаған 467 ата-анаға әкім­шілік хаттама рәсімделген. Бұған қоса рейд барысында кәмелетке тол­мағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жү­руіне жол берген 125 кәсіпкер мен жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 24 тұлға да әкімшілік жауап­кершілікке тартылыпты. Бұл көр­сет­кіштер құқық­бұзушы­лық­тың ал­дын алуда тек отбасы ғана емес, кә­сіпкерлер мен қоғам өкілдерінің де жауапкершілігі зор екенін аң­ғар­тады.

Қорыта айтқанда, соңғы жыл­дары Сыр өңірінде жауыннан кейін­гі саңырауқұлақтай жиі кө­рі­ніс тапқан жасөспірімдер ара­сын­дағы сойқанның соңы жақсылыққа апар­майтынын түсінетін сәт әл­деқашан келгенін мойындауымыз керек. Осы ретте өңірдегі соңғы бол­ған балғын ғұмырдың қайғылы қа­засы тұтас қоғамға сабақ болса игі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы