«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында облыстық ардагерлер форумы өтіп жатыр. Ардагерлер – елдің шежіресі, өмірдің өзінен өткен ұлы мектеп. Өмір жолы өнегеге толы, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер – біздің мақтанышымыз, рухани тірегіміз.
Облыстық форумға облыстық партия филиалы атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, өңірдегі белсенді партия ардагерлері, әр салада ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған аудандар мен ауылдық округтерден жиналған ардагерлер қатысты.
«Бүгін баршамыз «АMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып отырған маңыздыбасқосуда жүздесіп отырмыз. Бұл – елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетудің, аға буынның қоғамдағы орнын айшықтаудың жарқын көрінісі. Ең алдымен, елдің амандығы мен бірлігі жолында еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан барша ардагерлерімізге зор алғысымды білдіремін. Сіздердің өмір жолдарыңыз – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге қызмет етудің жарқын үлгісі», – деді облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Форумның пленарлық отырысы барысында ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибесімен, еңбек жолындағы қызықты оқиғалар мен қиын сәттердегі шығарған шешімдері туралы бөлісті.
«Бүгін біз «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Ауданда жүргенде әр уақытта партияның жұмысына мән беріп, қажет болса жәрдем беріп, іс-шараларына қатысып жүреміз. Біздің ауданда партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Оны халық біледі, партия берген уәдесін орындап келеді. Сол себепті біз әрқашан осы партияның бастамаларын қолдаймыз. Бүгінгі ардагерлерге көрсеткен құрметтеріңіз үшін рақмет!», – деді Шыңғырлау ауданынан келген қатысушы ардагер Боранбай Нұржанов.
Кездесуде форумға қатысушы ардагерлерге «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атқарушы хатшысы А.Сафималиев партиялық жұмыста белсенділік танытып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға өз үлестерін қосқан ардагерлерге Алғыс хаттар табыстады.
Іс-шараның екінші бөлігінде арнайы сергіту сәті ұйымдастырылып, дойбы, шахмат ойындарынан, асық атудан, үстел теннисі, бильярд ойындарынан сайыстар ұйымдастырылды.
Кездесу соңында іс-шарада жақында ғана мерейлі 80 жасқа толған бөкейордалық ардагер мен өз өнерлерін көрсетіп, белсенді қатысқан 4 қатысушыға «Ақжайық» шипажайы мен партияның облыстық филиалы атынан «Ақжайық» шипажайына 5 күнге тегін жолдамалар табысталды.