Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы және халықаралық ғылыми қауымдастықпен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге толық дайын екенін жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Париж қаласында өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының 93-ші Бас сессиясы аясында министрлік деңгейіндегі дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.
Іс-шараға аталған ұйымның Бас директоры Эммануэль Субейран, 30 елден келген министрлер және 182 елдің ұлттық делегаттары қатысты.
Өз сөзінде Айдарбек Сапаров халықаралық қауымдастық алдында Қазақстанның биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту және саланың кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі стратегиялық ұстанымдарды атап өтті.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жануарлар денсаулығы мәселелері салалық тек салалық шеңбермен шектелмей, азық-түлік қауіпсіздігіне, ұлттық экономика тұрақтылығына, халықаралық сауда мен елдердің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына тікелей әсер етуде.
«Қазіргі әлемде жануарлар ауруларының трансшекаралық таралу қарқыны өте жоғары. Климаттың өзгеруі, көші-қон үдерістері және жаһандық сауданың бұрын-соңды болмаған өсуі бізден жаңа тәсілдерді, терең үйлестіруді және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді. Қазақстан үшін ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері стратегиялық маңызға ие», – деді министр.
Мал шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі және азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады.
Бүгінде Қазақстанда 8 млн-нан астам ірі қара, 22 млн-нан астам ұсақ мал, 5 млн жылқы және 48 млн құс бар. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде елде эпизоотиялық ахуал тұрақты, бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және ет өнімдерін әлемнің 12 еліне экспорттауға жол ашады.
Одан әрі баяндама барысында отандық ветеринариялық қызметті ауқымды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Бүгінде бұл салада 15 мыңнан астам маман жұмыс істейді.