17 мамыр күні елордадағы Триатлон саябағында мерейлі, оныншы BI Marathon кең ауқымда өтті. Осы жылдар ішінде мейірімділік пен үміттің символына айналған бұл ірі шараға ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мақсатында 5000 адам қатысқан, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дәстүр бойынша жарыс қайырымдылық мақсатта өтті. Слоттарды сатудан және өзге де қайырымдылық шаралардан түскен шамамен 45 миллион теңге «BI Жұлдызай» корпоративтік қорына аударылды. Бұл қор 22 жылдан бері Қазақстанда балаларға медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында шетелдік профессорлардың қатысуымен 1800-ден астам күрделі операция жасалды, қордың оңалту бағдарламаларының арқасында 15 мың бала өмірінің сапасын жақсартты. Жүздеген бала алғаш қадам басып, сөйлей бастады.
Осындай миссия үшін BI Marathon-ның мәресінде кәсіби спортшылар, әуесқой жүгірушілер, балалы отбасылар, аға буын өкілдері және ерекше қажеттілігі бар жандар жиналды. Қатысушылар 21,1 км, 10 км, 5 км қашықтықта және 5 км скандинавиялық жүрісте бақ сынады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, марафон серіктестерінің сыйлықтары табысталды. Ал 1 км және 400 метрлік балалар жарысында бүлдіршіндер өздерін нағыз чемпион сезініп, естелік сыйлықтарға ие болды.
Марафонға «BI Жұлдызай», «Асар-Уме» қорларының және Unicef ұйымының қол астындағы балалар да қатысты. Бұл спортта шекара жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 10 км қашықтыққа церебралды сал ауруы диагнозы бар баласын арбаға отырғызып жүгірген ер адамның қатысуы ерекше толқынысты сәт болды. Бұл келген қонақтардың жүрегін тебірентіп, махаббаттың қандай ұлы күші барын еске салды.
Скандинавиялық жүріс бойынша қатысқан «Ұзақ өмір сүрушілер клубының» мүшелері де көпшілікті ерекше шабыттандырды. Ең егде қатысушының жасы 79-да.
«Барыс» хоккей командасының танымал ойыншысы Даррен Дицке көпшіліктің назары ауды. Ол 21,1 км қашықтықты жүгіріп өтіп, салауатты өмір салты мен қайырымдылыққа бейжай қарамаудың үлгісін көрсетті.
Жанкүйерлерге де ерекше алғыс айту керек. Олар жол бойы атлеттерді плакаттар, музыка және көтеріңкі көңіл күй арқылы қолдап, спортты мерекеге айналдырды. Олардың қолдауы марафоншыларға қарқынды сақтауға көмектесті.
Марапаттау рәсімінде көрермендер тосын сыйдың куәсі болды. Қатысушылардың бірі сахнада сүйіктісіне ұсыныс жасады. Іс-шара ALEM-нің өнер көрсетуімен қорытындыланды.
«Біз болашаққа жол сыйлау үшін жүгіріп жатырмыз. Әр қатысушының үлесі үмітке жетелейді. Бұл жай жарыс емес, үлкен мейірімділіктің көрінісі», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
BI Marathon 2026 адамдар игі мақсат үшін біріккенде, спорттық жарыстың мәні арта түсетінін тағы да дәлелдеді.