Конституциялық заңдар пакетінің қабылдануы мемлекеттік саясаттың жүйелі әрі дәйекті сипатын бекітеді – Ерлан Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық заңдар пакетінің қабылдануы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалық бастамалардан нақты құқықтық тетіктерге дейінгі жүйелі әрі дәйекті сипатын бекітеді деген пікір білдірді.

Биыл наурызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, астананың мәртебесі, сондай-ақ Қазақстан Халық кеңесін құру, оның құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңдармен айқындалады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталған заң жобалары жөнінде өзінің Тelegram арнасында жазба жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар екінші оқылымда 6 конституциялық заңды қабылдады:
1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы»;
2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы»;
3. «Қазақстан Халық кеңесі туралы»;
4. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы»;
5. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»;
6. «Бірқатар конституциялық заңдарды Конституцияға сәйкестендіру туралы» (сайлау туралы, республикалық референдум туралы, Үкімет туралы, сот жүйесі туралы, Конституциялық сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, Прокуратура туралы және басқа да заңдар).

Аталған конституциялық заңдар пакетінің қабылдануы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалық бастамалардан нақты құқықтық тетіктерге дейінгі жүйелі әрі дәйекті сипатын бекітеді.
Бұл – жаңартылған мемлекеттік-саяси модельдің құқықтық негіздерін нығайтатын 2026 жылғы конституциялық реформаны жүзеге асырудағы аса маңызды кезең, – деді Ерлан Қарин.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.