Қазақстанда электроника мен тұрмыстық техника бағасының қымбаттауы халықтың тұтынушылық әдеттерін өзгертіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрын істен шыққан смартфон немесе ноутбук жаңасын алуға себеп болса, қазір қазақстандықтар техниканы жөндетуді тиімді шешім ретінде жиі таңдай бастады.
OLX Қазақстанның 2026 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша дерегіне сәйкес, техника жөндеу қызметтеріне сұраныс бір жылда 8,8%-ға өскен. Ең жоғары өсім смартфон жөндеу сегментінде тіркелді. Мұнда хабарландырулар саны 42,3%-ға артқан. Сарапшылар мұны жаңа смартфондардың қымбаттауымен байланыстырады. Себебі экран, аккумулятор немесе қуаттау ұясын ауыстыру жаңа телефон сатып алғаннан әлдеқайда арзан.
Ноутбук жөндеу қызметіне сұраныс та артты. 2026 жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 12,7%-ға өскен. Бағаның қымбаттауы мен құрылғының жұмысы үшін маңызды құралға айналуы пайдаланушыларды жөндеуді таңдауға итермелеп отыр.
Ал теледидар жөндеу қызметі ең сұранысқа ие санат болып қала берді. Бұл сегменттегі өсім небәрі 0,2% болғанымен, барлық өтініштердің жартысына жуығы дәл осы техникаға қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, электроника бағасының өсуі, инфляция, логистика шығындары мен валюта бағамының құбылуы халықты үнемдеуге мәжбүрлеуде. Соның нәтижесінде техника жөндеу уақытша шара емес, тұтынушылық мінез-құлықтың жаңа нормасына айналып келеді.