Ақмола облысында киіктердің жаппай қырылуы тіркеліп, биылдың өзінде 2 мыңнан астам ақбөкеннің өлексесі жойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандардың мәліметінше, киіктердің көктемгі көші-қоны Атбасар ауданында төлдеу кезеңімен тұспа-тұс келген. Осы мезгілде жануарлардың табиғи шығыны көбейіп отыр.
– Әсіресе, ауыр төлдеу, ұзақ қашықтыққа көшіп-қону, ауа райының күрт құбылуы, созылмалы жауын-шашын мен мамыр айындағы үсіктер әлсіреген киіктер мен жаңа туған лақтардың қырылуына себеп болды, – дейді ведомстводан.
Мамандар бұл құбылыстың табиғи маусымдық процесс екенін айтады. Соған қарамастан өңірде санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына жол бермеу үшін өлген жануарларды жинау және залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген. Әсіресе, Шұңқыркөл ауылдық округінде бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдар мен ветеринарлық қызметтердің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Киік өлекселері арнайы терең қазылған шұңқырларға көмілуде.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Ержан Сағынаевтың айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша киіктердің қырылуы аса қауіпті жұқпалы аурулармен байланысты емес.
– Бұл – киіктердің жаппай төлдеу кезеңінде арагідік қайталанып тұратын табиғи маусымдық құбылыс. Мұндай жағдай Ақмола облысында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де кездеседі. Соған қарамастан барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр, – дейді инспектор Ержан Сағынаев.
Қазіргі таңда Ақмола облысының Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандарында киіктердің табиғи өлімі тіркелген. Мамандардың айтуынша, жыл сайынғы табиғи шығын жалпы популяцияның 15-20 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері өңір аумағында 2 209 киік жиналып, залалсыздандырылған. Ал өткен 2025 жылы қырылған киіктер саны 11 916 басқа жеткен.
Қазіргі уақытта инспекция қызметкерлері, «Охотзоопром» мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен ветеринарлық қызмет өкілдері далалық аймақтарды тексеріп, өлекселерді жинау және жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, ветеринарлық қызмет мамандары 2026 жылдың 30 сәуірінде Жақсы ауданындағы қырылған киіктен бактериологиялық сынамалар алған. Зертханалық сараптама нәтижесінде аса қауіпті инфекциялық аурулар анықталмаған. Сонымен қатар 18 мамыр күні қосымша сынамалар қайта алынып, зертханалық тексеруге жіберілді. Мамандар оның нәтижесі кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы