Қоғам белсенділері дабыл қақты: Астанадағы дәмханаларға 750 килограмм ит еті жеткізілгені айтылды

Сергей Снегирёвтің айтуынша, екі жыл бұрын Астанада қоғамдық тамақтану орындарына күмәнді ет өнімдерін жеткізуге қатысты сот процесі өткен.

Қазақстандық блогер Тимур Балымбетовтің подкастында Астанадағы кейбір қоғамдық тамақтану орындарына ит еті жеткізілгені туралы мәлімдеме жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Подкаст қонақтары — зооқорғаушы Темірлан Тоспаев пен экобелсенді Сергей Снегирёв бұл мәселеге қатысты бұрын сотта қаралған істі еске салды.

Сергей Снегирёвтің айтуынша, екі жыл бұрын Астанада қоғамдық тамақтану орындарына күмәнді ет өнімдерін жеткізуге қатысты сот процесі өткен. Оның сөзінше, кейбір мейрамханалар мен франшизалар сапасыз аралас фарш сатып алған болуы мүмкін.

2023 жылы Ақмола облысында қаңғыбас иттерді ұстап, сойып, етін сатумен айналысқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында одан 750 келіге жуық ет тәркіленген. Сондай-ақ еттің бір бөлігі Астанадағы дәмханалардың біріне сатылғаны анықталған. Кейін сот оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салған.

Сонымен қатар биыл Батыс Қазақстан облысында қаңғыбас жануарларды аулау тендерін ет өңдейтін кәсіпорын жеңіп алғаны да қоғамда қызу талқыланды.