«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды элементі» – депутат Адамбеков

Бүгінде бұл бастама бір реттік акция ретінде емес, жаңа экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды элементі ретінде қабылданған.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков Премьер-министр Олжас Бектеновке «Таза Қазақстан» бастамасын одан әрі дамыту мемлекеттік саясатты институционалдандыруға бағытталуы бойынша депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының кіріспесінде табиғатты аялау қажеттігі атап енгізілген. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» бастамасы конституциялық реформаларды іске асырудың және табиғатқа жауапты көзқарасты қалыптастырудың маңызды құралына айналуда.

– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтар арасында кең қолдау тауып, қоғамды қоршаған ортаға ұқыпты қарау идеясымен біріктірген ең маңызды қоғамдық жобалардың біріне айналды. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тұрақты даму, экологиялық жағдайды жақсарту, өмір сапасын арттыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты «Таза Қазақстан» бастамасын одан әрі дамыту мемлекеттік саясатты институционалдандыруға бағытталуы тиіс деп санаймын.

Сондықтан біріншіден, барлық саяси партияларға «Таза Қазақстан» қағидаты мен акциясын өздерінің негізгі саяси бағдарламалары мен жарғыларына енгізуді ұсынамын, себебі «Таза Қазақстан» қандай да бір саяси идеология болмасын, барлығын біріктіретін ортақ қағидат, құндылық болу керек;

Екіншіден, «Таза Қазақстан» идеясы-қағидаты қоғамды жұмылдыра алатын үлкен әлеуеті бар идея. Сондықтан жалпыұлттық қозғалыс немесе тұрақты түрде жұмыс жасайтын штаб құру керек;

Үшіншіден  «Таза Қазақстан» акциясының жүзеге асырылуы бойынша ақпарат тарататын арнайы сайт, платформа және басқа да цифрлық ақпараттық платформалар құру керек;

Төртінішіден,  «Таза Қазақстан» акциясы бойынша жыл бойы іс-шаралар өтеді. Бірақ көзге түсетін негізгі шаралар көбіне көктем мен күзде ұйымдастырылады. Сондықтан басқа да жыл мезгілдерінде көзге көрінетін осындай негізгі жобаларды енгізу керек. Мысалы, қоқыс жинау немесе табиғи және тарихи орындарды түрлі жазулардан тазарту;

Бесіншіден, су ресурстарын ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету. Мысалы, ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін жаңбыр суы мен еріген қар суын жинап, тазалап, сақтайтын арнайы резервуарлар мен су қоймалары жүйесін іске қосу арқылы.

Алтыншыдан,  елді мекендер арасындағы жолдардың бойында көпжылдық ағаштардан «жасыл дәліздер» құру. Бұл қыс мезгілінде қар үйінділерінің пайда болуын азайтып, жолдардың жабылу жиілігі мен ұзақтығын қысқартуға мүмкіндік береді, – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков.