Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшасында министр байқауға барлығы 323 жоба келіп түскенін жазды.
Құрметті киноиндустрия өкілдері! Кейінгі жылдары ұлттық кино саласында бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Бұл – сала мамандарымен бірлесіп атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.Мемлекет қаржысына түсірілетін туындылардың сапасы, мазмұндық тереңдігі мен жанрлық әралуандығы жыл сайын артып отыр. Мұны мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жобаларды іріктеу конкурсының ережелерін жетілдіру, талаптарды күшейту, сондай-ақ ашықтық пен әділдік қағидаттарын басты назарда ұстау бағытындағы жұмыстың жемісі деп білемін. Биылғы байқау да осы ұстанымдарға басымдық бере отырып жалғасуда.Жас киногерлердің белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Олардың жобалары тың идеяларымен, батыл шығармашылық ізденістерімен ерекшеленіп, ұлттық киноның дамуына жаңа серпін беріп отыр, – деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, биылғы байқауға барлығы 323 жоба келіп түскен. Ұсынылған әрбір жұмыс жан-жақты қаралып, байқаудың маңызды кезеңі – питчингке 95 сценарий жолдама алды. 22-24 мамыр аралығында өтетін ашық қорғау Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми YouTube арнасында онлайн көрсетіледі. Бұл кезеңде саннан гөрі сапаға ерекше мән беріледі. Сарапшылар жобалардың қоғамдық маңызын, көркемдік деңгейін, идеялық мазмұнын және ұлттық киноның дамуына қосар үлесін саралай отырып, мемлекеттік қолдауға лайық туындылардың тізімін жасайды.
Ұлттық кино – ұлттың рухани келбетін танытатын маңызды өнер. Сондықтан мемлекет қолдауымен жүзеге асатын әрбір жоба қазақ киносының мәдени мұрасына айналуға лайық болуы тиіс.Министрлік ұлттық киноны дамытуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдап, салаға қажетті мүмкіндіктер жасау жұмысын жалғастыра береді, барша байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Аида Балаева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.