Мәдениет қызметкерлері – руханият тірегі

Мемлекет басшысы мәдениет жә­не өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімін­де сөз сөйледі.

Президент, ең алдымен, сал­та­натты іс-шараға қатысу­шы­лар­ды Мәдениет жә­не өнер қызмет­кер­лері күнімен құттық­тады.

– Бұл – еліміз үшін мән-маңы­­­­зы ай­рықша мереке. Мә­де­ниет – хал­қы­мыз­дың ұлттық бол­мысы мен рухани дербес­ті­гі­нің арқауы екенін бәріміз жақ­сы бі­леміз. Мә­дени жә­не рухани дү­ниесін сақтай білген ел­дің мәр­тебесі биік, мерейі үстем бо­лары айқын. Сіздер осы игі мақ­сат жо­лында та­­­банды жұмыс істеп ке­лесіздер. Қоғамы­мыз бұл ең­бек­ті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні елі­міздегі барша мә­де­ниет және өнер саласы маман­дары­на шы­найы алғы­сым­ды білдіремін! Қазақ – өне­р­­дің киесін ұғатын, өнер­паздың қа­дірін білетін жұрт. Біз ерекше да­рын ие­леріне әрдайым лайық­ты құрмет көр­сете­міз. Жұр­ты­мыз «Өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қа­дірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мә­нін­де, рухания­ты бай елдің ойы озық, бола­ша­ғы жарқын бо­ла­ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Реформалардың ауқымы

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айт­ты.

– Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміз­дің болашағына тікелей қатысы бар, ма­ғынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ре­тін­де дамыту, сондай-ақ, дарынды, отан­шыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жас­тардың өмір жолын ашып беру. Нау­рыз айында бәріміз бір ел, бір халық бо­лып конс­титуциялық реформаға бірауыз­дан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет сала­сының мамандары мен өнер қайрат­керлері де белсене атсалысты.

Саяси науқан кезінде халқы­мыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақ­станның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң – ел тәуелсіздігі мен мем­лекеттігінің мызғымас кепілі, хал­қымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституция­да ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжы­мас қағидат саналады, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кон­с­ти­туцияда тарихи-мәдени мұра­мызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.

– Енді мәдениет саласын қол­дау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқым­ды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт ру­ханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнер­паздарға берілетін мемле­кеттік стипендия көлемі екі есе өсе­ді. Тек былтырдың өзінде елі­мізде 61 мәдениет нысаны салын­ды. 250-ден астам мекемеге жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәрте­бе берілді. Бұл жұмыс биыл да жал­­ғасын табады. Меніңше, Мак­сим Горький атындағы Мемлекет­тік академиялық орыс драма теа­т­рына және Еркеғали Рахма­диев атындағы Мемлекеттік ака­демия­лық филармонияға «Ұлт­тық» мәр­тебе берілсе, орынды бо­лар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқа­нов атын­дағы облыстық қазақ му­зыкалық-драма театрына «Ака­демия­лық» мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжым­дары тұтас елі­міздің рухани мұра­сын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шы­сы дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беру қажет деп са­найды.

– Төл өркениетіміздің осын­дай теңдессіз қазыналарын дәріпт­еп жүрген өнер адамдарына қол­дау көрсету маңызды. Осы орайда мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабыл­дайтын болдым. Бұл марапат дәс­түрлі өнер өкілдерін қолдауға, олар­дың шығармашылығын наси­хаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді. Осы жо­ғары дәрежелі сыйлықпен тиісті министрліктің ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлы­ғы­мен лайықты өнер және мәде­ниет қайраткерлері марапат­тала­ды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өнерпаздар назардан тыс қалмайды

Президенттің айтуынша, мә­дениет пен өнер саласы ел өмірінің ажырамас бөлігі ретінде әрдайым мемлекет назарында болады.

– Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы кө­ретін әйгілі музыканттар, әнші­лер, актерлер, суретшілер, биші­лер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қа­зіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды. Қазақ­стан­ның шетелде кеңінен таныл­ған медиа жобасы – Silk Way Star халықаралық ән байқауы. Бұл – заманауи мәдени дипломатияның бір үлгісі. Еліміз халықаралық ұйым­дармен ықпалдастықты ай­тар­лықтай күшейтті. Ірі мәдени-ағарту жобалары белсенді түрде қолға алынып, ғылыми бастамалар көтерілуде. Бұл сан қырлы қазақ мәдениетін насихаттау бағытын­дағы дұрыс әрі қажетті іс. Бүгінгі кездесуіміз маңызды күннің қар­саңында өтуде. Мұның символдық мәні зор. 1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО-ның толық мүшесі атанды. Айтпақшы, осыдан 34 жыл бұрын, дәл сол күні министрдің орынбасары ретінде аталған беделді халықаралық ұйым­ның Париждегі штаб-пәтеріне барып, ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Феде­рико Майормен бірге осы тарихи уақиғаға қатысты құжатқа қол қойған едім. Содан бері еліміздің жиырмаға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы, соның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізбелеріне енді. Бұл тізім алдағы уақытта ұлғая түседі. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мен тиісті министрліктерге осын­дай міндет жүктелді, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Астанада Алтын Орда рөлін адамзат жылнамасының бірегей тарихи, мәдениет және өркениет жобасы ретінде ғылыми тұрғыдан объективті зерделеуге арналған халықаралық симпозиум өткенін еске салып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды.

– Мен шағын баяндамамда өз көзқарасымды жеткіздім. Оны білікті тарихшылар мен мәдениет­танушылардың, құқықтанушы­лардың Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістердің түрлі аспек­тісіне қатысты кәсіби талқысына салуға болады деп ойлаймын. Алайда бұл ақпаратты бұра тар­татын сауатсыздарға қол емес. Мау­сым айының алғашқы онкүн­дігінде III Архившілер конгресі өтеді. Биылғы басқосу жаппай ци­фрландыру мен жасанды интел­лект дәуірінде тарихи-мәдени және деректі мұраны сақтау мә­селесіне арналады. Біз – мәде­ниетіміз әралуан, бауырмал әрі кеңпейіл халықпыз. Еуразия кеңістігінде маңызды орын алатын және аталған субконтинентте жан-жақты қауіпсіздік жүйесін қа­лыптастыруға атсалысып жат­қан прогрессивті, бейбітсүйгіш ел ретінде Қазақстанның халық­аралық беделін арттыру үшін осы мәдени ерекшелікті жан-жақты дәріптеудің мәні зор. Сонымен қатар жастарымызды жаңа гео­саяси және геоэкономикалық жағдайдағы қатаң, тіпті қатыгез бәсекелес ортада барынша табыс­қа жетуге қазірден бастап даяр­лауымыз керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымымен бөлісті.

– Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қо­ғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни ванда­лизмге түбегейлі тосқауыл қоюы­мыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени ны­сан­дарға қасақана зиян келтіру жағ­дайлары жиілеп кетті. Мыса­лы, жақында ғана Маңғыстау об­лысының Ыбықты сай шатқа­лында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құ­қықтық қорытынды шығаруы ке­рек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзіл­ді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патрио­тизм қағидаттары қоғамдық сана­да түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсі­ресе өскелең ұрпақтың дүние­танымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.

– Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық бол­майды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжат­тың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни адам капиталын да­мыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қам­тамасыз етуді тапсырамын. Соны­мен қатар «Зерделі ұлт» тұжырым­дамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жоба­сы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кі­тап­хана платформасы іске қосы­лады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлай­мын. Сонымен бірге мен жақында еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жө­ніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Меніңше, бұл – шын мәнінде аса өзекті және қажетті қадам. Қазіргі технология дәуірі­нің қарқыны өте жылдам. Сон­дықтан мұндай маңызды шешімді дер кезінде қабылдамасақ, жас­тарымыз дамудың даңғыл жолына түсе алмай, артта қалып қоюы мүмкін. Ал бұл мемлекетіміздің келе­шегі үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Біз, әрине, он­дайға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келешектің бір бағдары

Мемлекет басшысы алдымыз­да Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өр­­­кениетті, түптеп келгенде, Озық ойлы Қазақстанды құру мін­деті тұрғанын еске салды.

– Біз мұның аса жауапты әрі өте күрделі міндет екенін жақсы түсінеміз. Халқымыз «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, озық және нағыз дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Еңбек­қорлық, білімпаздық, жасампаз­дық, жанашырлық, отаншылдық қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мұның бәрін күнделікті қажырлы еңбек­пен, нақты іспен көрсетуіміз қа­жет. Заң мен тәртіп қағидаты мәде­ниеті жоғары қоғамда ғана берік орнығады. Бұл – ақиқат. Осы маңызды жұмысқа Сіздер де елеулі үлес қосып жүрсіздер, болашақта да солай болады деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қоры­тындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетаны­мын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалар­мен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Қазір біздің ортамызда бел­гілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрова отыр. Ол жарты ға­сырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көр­сетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бур­мистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жар­лыққа қол қойдым. Сонымен қа­тар бүгін жезтаңдай әнші, Қазақ­станның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Ба­рыс» орденін тапсырамын. Ми­хаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен мара­пат­­тала­ды. Ол Қазақстан мәде­ниетінің дамуына елеулі үлес қос­ты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалай­тын көрер­меннің ықыласы мен сүйіспен­шілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәде­ниеті­міздің да­муы­на зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қа­зақ­­станның халық әртісі» атағы беріледі. Жал­пы, биыл елі­мізде 120 мәдениет және өнер қыз­меткері мемлекеттік марапатқа ие болады, – деді Мем­лекет бас­шы­сы.

Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді.

– Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның да­муы­на айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханым­ға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұ­мысқа белсене атсалысты. Мұ­ны ерекше атап өткім келеді. Сон­дықтан біз түркі бірлігін ны­ғай­туға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптес­теріміздің еңбегін әрдайым жоға­ры бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мә­дениет және өнер қайраткер­леріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркен­дей берсін! Ұлт мәдениетінің мәр­тебесі әрдайым биік болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жарлығымен мәде­ниет саласындағы аса үздік жетіс­тіктері және Қазақстан Респуб­ликасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табысталды.

Марапаттау рәсімінде белгілі әнші Татьяна Бурмистрова, Мұх­тар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі Бахтияр Қожа, түркиялық ғалым Кюршад Зорлу сөз сөйледі.