Ақын жырларының өміршең болуының сыры – оның шынайылығында. Ақын өлеңдерінен өмірдің ыстығы мен суығы, қуанышы мен мұңы, ащысы мен тәттісі қатар сезіледі. Ол адам жанының терең иірімдерін, тіршіліктің сан қырлы шындығын боямасыз, табиғи қалпында шебер суреттей білді. Сондықтан да оның өлеңдері оқырман көңілінен шығып, талай жүректен мәңгілік орын алды.
Уәзипа Жиенбаева – ақынның өмір жолындағы сенімді серігі, тағдырлас жары. Бүгінде тоқсанның төрінен асқан кейуана ғұмырын қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сағи Жиенбаевпен бірге өріп, ақынның қуанышы мен қиындығына ортақ бола білді. Ол – бір әулеттің ғана емес, ақын мұрасын қадірлейтін оқырман қауымның да құрметіне ие болған жан. Алматыға барған сапарымызда Сағи ақынның шаңырағында болып, Уәзипа апаймен сыр шерттік. Ақынның жарының өнегелі өмірі – адалдық пен сабырдың, сүйіспеншілік пен рухани беріктіктің көрінісіндей. Жады да орнында, әңгімені де әсерлі айтатын апамен өткен ғасырдың 60-жылдарына бірге сапар шектік.
Оймауытта туған өрен
– Біздің қатарымыздың көбі кетіп қалды ғой, – деп бастады әңгімесін Уәзипа апа. – Тіпті, кемпір-сампырлар да азайды. Қатарластар дегенде, Тұманбай мен Қадыр ағаларыңның үйіндегі апаларың бар. Салтанат, Күлтай бар. Қалижан ағаларыңның жары Заида апаймен жақсы дос едік. Ол кісі де кетіп қалды. Қадыр, Тұманбай, Шәміл Мұхамеджанов – барлығы қатар жүрді. Шәміл де ерте кетті.
Сағи 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Оймауыт деген ауылда дүниеге келген. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғысқа тап келіп, көп қиындық көрсе де, тіршіліктен үміт үзбей, әдебиетті жақсы көріп өсті. Кітапқұмар балалардың біріне айналды. Әкесі үш жасында халық жауы болып ұсталып кеткен баланың тағдыры қандай болатынын өздерің де аңғарып тұрған шығарсыңдар. Әке ыстық ұясына оралған жоқ. Дертінің бәрін ішке жиып, үнсіз көтерді. Бұл дерт кейін өлең болып оралып, ақ қағазға төгілді.
Сағидың:
– Ерте көрдім, ерте көрдім
барлығын,
«Ерте көр» деп ерте берді
тағдырым.
Жия бердім, сыя берді ішіме,
Сездірмедім көкіректің
тарлығын
Ерте көрдім мен әкемнің
жоқтығын,
Ес білгелі соны іздеумен
өтті күн.
Тағдыр мені тұрғызды да,
«бас» деді
Табаныма төсеп қойып отты құм, – дейтіні де сондықтан.
Сағимен 1955 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында білім алып жүргенінде жолықтық. Бір жылдай Жезқазғанда жұмыс істедік. Ол жылдары институт бітірген түлектерді осылай өңірлерге жіберетін еді. Сол бойынша біз де қол ұстасып, Жезқазғанның төрінен бір-ақ шықтық.
Біз алғаш танысқанда ол педагогикалық институтта, мен колледжде оқитын едім. Менің де мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледждің негізгі оқу орны Алматыда болатын. Біз 2-курста оқып жүргенде оқу орнын Қызылордаға көшірді. Қыздар көп оқуға түсе бермейді, қыздарды жоғары оқу орнына көптеп тарту керек деген талап болып, сол үшін колледжді сонда көшіреміз деп шешкен екен.
Жезқазғанға барғанда мұғалімдер аз деп, мені математика пәнінің мұғалімі етіп жұмысқа алды. Сағи қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ізтай Мәмбетов дейтін мықты ақын болды. Ерте қайтыс боп кетті. Қуандық Шаңғытбаев бар, Тұманбай бар, бәрі Сағиды үгіттеп, Алматыға көшіріп алды. Солай біз алматылық болып шыға келдік. Бұл 1956 жыл болатын. Алматыны аңсап, үлкен ақын болуды арман тұтқан жас Сағиым әдеби ортада тез танылды.
«Қарлығаштан» қанат қақты
Ең алғашқы жинағы – «Қарлығаш». Одан кейін кітаптары жиі шығатын болды. Жыл сайын болмаса да, жыл аралатып, жинақтары баспадан шығып жататын. Студент кезінен өлең жазып жүрген жас ақынға қолдау білдірген – Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков сияқты үлкен ағалары. Оның поэзиясына баға берген де осы ағалары болатын. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі ақынға ризашылығын білдіргені бар. Жазушының: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзияға да керегі – осы шыншылдық» дегені бар.
Сағи Алматыға келген тұстан бастап, «Қазақстан пионері» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеді. Кейін ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінде Сырбай ағалармен қатар еңбек етті.
Біреулер «ақынның жары болу қиын» деп жатады. Сағи өте жайлы, мінезі жұмсақ адам еді. Артық сөз айтпайтын, ақырын кабинетіне кіріп алып, тыныш жұмыс істегенді ұнататын. Маған кейде ренжісе де, кабинетіне кетіп қалатын. Сағи адамға қамқор, қайырымды болатын. Ол жылап отырған баланы көрсе де, қалтасындағы бар ақшасын беріп кететін өте балажан еді.
Қаламгер достарының бәрі Сағиды құрмет тұтты. Сағи да жолдастарын ерекше сыйлайтын. Алғаш Калинин (қазіргі Қабанбай) көшесінің бойынан пәтер алдық. Ол үйде қазақтың кіл мықтылары қоныс тепті. Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Жамал Омаровалармен 26 жыл көрші болдық. Бізден жоғары қабатта Қанабек Байсейітов тұрды. Шара Жиенқұлова, Әлкей Марғұлан ағай да бізбен көрші еді. Жамал апай үйге жиі келетін. Кейде «жалғызсырап кеттім, сендердің үйлеріңнен телевизор көрейінші» дейтін еді. Шабал апай мінезі биязы, парасатты кісі болатын. Көршілермен жақын қарым-қатынаста болдық. Кейін балалар өскен соң пәтерімізді кеңейтіп, басқа үйге көштік.
Сағи жыры сөнбейді
«Қарлығаштан» кейін де бірнеше жинағы шықты. Марапат алуға көп ұмтылмады. Мемлекеттік сыйлыққа тапсырғанымен, алған жоқ. Оның мінезін дәл суреттейтін өзінің өлеңі бар ғой: «қара бір жердің өзін де қаттырақ басқым келмейді». Ешкімге қарсы шығып, біреуге кеудемсоқтық көрсеткен емес. Ақынның бәрі мінезді бола бермейді ғой. Оның өзіне тән қоңыр үні, лирикалық жыры болды.
Тимеші, көкем,
Балапаныма тимеші,
Қамығып қалар,
Қабағыңды да түймеші.
Қақпашы қолын,
Не аламын десе, ал деші,
Тартпашы қолын,
Не киемін десе, ки деші...
Сағидың жомарт көңіл, жұмақ пейіл жырлары осындай еді ғой... Оның жырлары жанымызға тыныштық күйін сыйлайды.
Сағидың шығармашылық әлемінде ән мәтіндерінің де орны ерекше. Оның сөзіне жазылған көптеген ән халық арасына кең тарап, жүрекке жылы тиетін туындыларға айналды. Оның поэзиясының әуезділігі мен ішкі музыкалығы композиторларды да бейжай қалдырмаған.
Сонымен бірге ол көркем аударма саласында да өнімді еңбек етті. Әлем және орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері – Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Ованес Туманян, Валерий Брюсов, Ярослав Смеляков, Расул Ғамзатовтың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап, жеке кітап етіп шығарды. Аударма арқылы ол қазақ оқырманын әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстырып қана қоймай, ұлттық поэзияның тілдік өрісін де кеңейтті.
Сағи алпысқа толған жылы, тура туған күнінде өмірден өтті. Өзі өлгенмен, жыры өлген жоқ. Оның лирикалық өлеңдерін оқитын жас ұрпақ бар. Соны жаныма медет тұтамын.
P.S.
Уәзипа апа жанарын жасқа бір шылап алды. Сағи ақынмен бірге өткізген сонау бір күндерге қайта оралғандай. Жанына жұбаныш – Сағи жырлары. Көңіліне медеу – немере-шөберелері. Сағи ақын жырымен алты Алашқа шуағын шашса, Уәзипа апа сол жырлардың тірі куәсіндей болып, қара шаңырақтың төрінде отыр. Сағи поэзиясы әдеби қауымға жыр боп ағытылғалы бері талай ұрпақ ауысты. Оның жырында сұлулық бар. Сұлулық дегеніміз де мейірім мен махаббат қой. Ал ол мөлдірлікті Сағи жырынан табарымыз ақиқат! Өлең өлмейді, Сағи жырының да сөнбейтіні анық.
Гүлзина БЕКТАС