Несие төлеуді кешіктіретіндер үшін жақсы жаңалық тарады

Жаңа жүйе 2026 жылғы 12 шілдеден бастап жұмыс істейді.

Қазақстанда бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымынан қарызы бар азаматтарға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жарияланған құжатқа сәйкес, борышкерлер барлық несиесін бір жерден онлайн түрде реттей алады.

Жаңа жүйе 2026 жылғы 12 шілдеден бастап жұмыс істейді. Ал 2027 жылдан бастап платформаны бірыңғай қаржы омбудсманы басқарады.

Платформа кепілсіз тұтынушылық несие мен микрокредиті бар азаматтарға арналған. Қарыз көлемі 1600 АЕК-тен (шамамен 6,3 млн теңге) аспауы тиіс. Ипотека мен автонесие бұл жүйеге кірмейді.

Өтініш онлайн түрде ЖСН мен телефон нөмірі арқылы беріледі. Жүйе қарыз туралы мәліметтерді автоматты түрде тексеріп, қосымша анықтама талап етпейді.

Егер рәсім мақұлданса, бірнеше төлемнің орнына бірыңғай төлем кестесі жасалады. Қайта құрылымдау мерзімі 60 айға дейін созылуы мүмкін. Сонымен қатар айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады.

Өтініш қаралып жатқан кезеңде банктер мен микроқаржы ұйымдарына сотқа жүгінуге немесе қарызды коллекторларға беруге тыйым салынады.