Сенат қараған өзгерістер қабылданса, енді кейбір қызметкерлер жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, алты айға дейін білім алу демалысына шыға алады. Бұл бастама бір қарағанда, адами капиталды дамытуға бағытталған заманауи әрі прогрессивті қадам секілді көрінеді. Алайда оның екінші қыры бар. Жұмыс берушілер үшін мәселелер туындауы мүмкін.
Ғылыми ізденіске демеу
Жаңа нормаға сәйкес, қызметкерлер ғылыми зерттеу жүргізу, диссертация жазу және қорғау, кәсіби даярлықтан өту, білімін жалғастыру немесе әскери резерв бағдарламаларын аяқтау үшін ұзақмерзімді демалыс ала алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік негізінен қысқамерзімді оқу кезеңдерімен немесе емтихан тапсыру уақыттарымен шектелетін еді. Ендігі өзгерістің ең басты ерекшелігі – табыс кепілдігінің заң жүзінде бекітілуі. Яғни қызметкер демалыста жүрген кезде оның жұмыс орны ғана емес, лауазымы мен орташа жалақысы да толық сақталады.
Дәл осы тұста негізгі сұрақ туындайды. мұндай әлеуметтік кепілдіктердің қаржылық жүгін кім көтереді? Мемлекет пе, әлде бизнес пе? Қызметкер үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Ол кәсіби деңгейін арттырып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола түседі. Ұзақмерзімді перспективада бұл ел экономикасына оң әсер ететіні сөзсіз. Себебі білікті кадр – кез келген мемлекеттің басты капиталы. Әсіресе цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект секілді үрдістер күшейген заманда мамандардың үздіксіз білім алуы қажеттілікке айналды.
Алайда жұмыс беруші үшін жағдай мүлде басқаша. Біріншіден, қызметкердің алты айға дейін жұмыс орнында болмауы өндірістік процестің тұрақтылығына әсер етеді. Әсіресе тар бағыттағы мамандар жетіспейтін салаларда бұл үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс беруші уақытша маман жалдауға немесе ішкі ресурстарды қайта бөлуге мәжбүр болады. Бұл қосымша шығын әкеледі, уақытты алады және басқарушылық жүктемені көбейтеді.
Екіншіден, жұмыс істемеген қызметкерге жалақы төлеу – бизнес үшін елеулі қаржылық ауыртпалық. Ірі компаниялар үшін бұл белгілі бір деңгейде көтеруге болатын жүк болуы мүмкін. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін бұл норма айтарлықтай қиындық туғызуы ықтимал. Өйткені олардың қаржылық қоры шектеулі, ал кадрлық резерві жеткіліксіз.
Үшіншіден, бұл өзгерістер еңбек қатынастарында белгілі бір теңгерімсіздік туғызуы мүмкін. Қызметкердің құқықтары кеңейгенімен, жұмыс берушінің мүддесі екінші орынға ысырылып қалу қаупі бар. Нәтижесінде, кейбір компаниялар жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауда сақтық танытып, әсіресе жас мамандарға немесе оқуға бейім кадрларға қатысты тәуекелдерді есептей бастайды. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында жанама кері әсер беруі мүмкін.
Сондай-ақ бұл норманың тағы бір ықтимал салдары – формалды түрде білім алу демалысын пайдалану фактілерінің көбеюі. Яғни кейбір қызметкерлер бұл мүмкіндікті шынайы кәсіби даму үшін емес, уақытша әлеуметтік жеңілдік ретінде пайдалануы мүмкін деген қауіп бар. Мұндай жағдайда бақылау және реттеу механизмдерінің маңызы арта түседі.
«Болашақ» бағдарламасына қатысты норма да осы үрдісті жалғастырады. қызметкердің жұмыс орны міндетті түрде сақталады, алайда жалақы төлеу жұмыс берушінің еркінде қалады. Бұл – белгілі бір деңгейде баланс сақтауға бағытталған шешім. Яғни мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілік белгілі бір дәрежеде бөлінеді.
Тараптардың мүддесі
Нормадағы тағы бір жаңашылдық – білім алу демалысын бөліп пайдалану мүмкіндігі. Бұл норма жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімге негізделеді және белгілі бір икемділік береді. Мысалы, қызметкер толық алты ай демалыс алмай, оны кезең-кезеңімен пайдалана алады. Бұл өндірістік процесті толық тоқтатпай, екі тараптың да мүддесін ішінара сақтауға мүмкіндік береді. Дегенмен, негізгі қаржылық және ұйымдастырушылық жүктеме бәрібір жұмыс берушінің мойнында қала береді.
Сарапшы, заңгер Марғұлан Ермағамбетұлының айтуынша, Қазақстанда мамандардың кәсіби дамуы үшін бірқатар жүйелі мүмкіндіктер қалыптасқан. Оның пікірінше, жаңа норма – нарық талаптарына бейімделген логикалық қадам әрі сол жүйелі мүмкіндіктердің жалғасы. «Мысалы, «Болашақ» бағдарламасын алуға болады. Осы бағдарлама арқылы қаншама жастар кәсіби тұрғыдан шыңдалды, білім алды. Жұмыс істеп жүріп «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерден тағылымдамадан өткен, өтіп жүрген мамандардың жалақысы сақталмаса да, жұмыс орны сақталып тұрады. Бір жағынан оларға мемлекет стипендия төлейді. Шетелдерге оқуға түскендер мемлекеттен стипендия алады. Сондай-ақ бізде «Мемлекеттік тапсырыс аясында» деген түсінік бар. Мемлекеттік басқару академиясында бір жылдан екі жылға дейінгі кезеңде білім алатын мамандардың да жұмыс орны, жалақысы сақталады. Ал енді жаңа нормаға келсек, егер ол Сенатта қаралған болса, тиісті деңгейлерден өтті деген сөз. Жаңа норма сұрыпталып, нарыққа негізделіп жасалған бастама деп есептеймін. Мамандар нарық заманында кәсіби дамуы керек. Олар белгілі бір жерлерде оқып, тәжірибеден өтуі үшін әлеуметтік жағдайы да қамтамасыз етілуі керек деп ойлаймын. Мысалы, цифрлық дәуірде ең алдымен квазимемлекеттік ұйымдардың мамандары шетелдерде білім жетілдіруі немесе тәжірибеден өтуі қажет», – дейді ол.
Ал кәсіпкер Ермек Мезібаев бұл мәселені прагматикалық тұрғыдан бағалайды. Оның пікірінше, жаңа норманы әр маманның және әр компанияның жағдайына қарай жекелей қарастыру қажет. Егер қызметкердің алған білімі компанияның дамуына нақты үлес қосатын болса, онда мұндай инвестиция өзін ақтайды. Ал керісінше жағдайда, бұл тек шығынға айналуы мүмкін.
Осы тұста тағы бір маңызды мәселе – мемлекет тарапынан бизнеске көрсетілетін қолдау. Егер мұндай әлеуметтік нормалар енгізілсе, онда жұмыс берушілерге де белгілі бір жеңілдіктер немесе өтемақы тетіктері қарастырылуға тиіс. Мысалы, салықтық жеңілдіктер, субсидиялар немесе оқыту шығындарын бірлесіп қаржыландыру механизмдері енгізілуі мүмкін. Бұл – әлеуметтік саясат пен экономикалық мүдделер арасындағы теңгерімді сақтаудың бір жолы.
Қорытындылай келе, ұсынылып отырған түзетулер адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз. Алайда кез келген жақсы бастама оның іске асу механизмдеріне байланысты. Егер бизнес үшін туындайтын салдарлар ескерілмесе, бұл норма кері эффект беріп, еңбек нарығында жаңа қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан бұл өзгерістерді енгізуде мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы мүдделер теңгерімін сақтайтын кешенді тәсіл қажет.
Айгүл СЕЙІЛ