Дастан Мұхамедрахим халықаралық WIBA Awards 2026 сыйлығының «Әлемнің үздік тревел-блогері» аталымы бойынша жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марапаттау рәсімі Франциядағы Канн кинофестивалі аясында өткен салтанатты кештердің бірінде ұйымдастырылды. Дастан қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, кештен видеолар жариялады. Осылайша қазақстандық блогердің есімі әлемге танымал инфлюенсерлер қатарында аталды.
WIBA Awards — халықаралық деңгейде танылған контент авторларына берілетін беделді марапаттардың бірі. Сыйлық digital-индустрияға ықпал етіп, кең аудиторияның назарын аудара алған авторларға табысталады.
Дастан Мұхамедрахимнің видеолары табиғаттың көркін, түрлі қалалардың атмосферасын және елдердің мәдениетін ерекше кино стилінде көрсетуімен ерекшеленеді. Соңғы бір жылда оның көптеген ролигі миллиондаған қаралым жинап, кейбірі Instagram-ның ресми парақшалары мен ұсынымдарына шыққан.
Желі қолданушылары мен әріптестері блогерді жеңісімен құттықтап, бұл жетістікті қазақстандық блогинг саласы үшін маңызды оқиға деп бағалап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Дастан Мұхамедрахимнің WIBA Awards 2026 жеңімпаздарының қатарына енгені хабарланған еді. Бірақ марапатты табыстау рәсімі енді өтті.