Қызылордада 300-ге жуық жас «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында бас қосты

Диалог алаңында сөз алған «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Төрағасы Ақерке Искандерова жастар саясатының бүгінгі бағыты мен ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Қызылордада «AMANAT» партиясының жастар қанаты «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында 300-ге жуық жастың басын қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Болашақ» университетінде еркін форматта өткен кездесуге «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Президенті Есен Елеукен, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, сонымен қатар облыстағы «Жастар Рухы» аудандық және қалалық бөлімшелерінің жетекшілері, белсенді жастар, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жастардың қоғамдағы рөлі, кәсіби даму, медиа, азаматтық ұстаным және заманауи көзқарастар төңірегінде ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, еркін форматта ой бөлісті.

Диалог алаңында сөз алған «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Төрағасы Ақерке Искандерова жастар саясатының бүгінгі бағыты мен ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

«Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың бастамасына қолдау білдіру, азаматтық белсенділігін арттыру және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – біздің басты міндетіміз. «AMANAT» партиясының Жастар қанаты осы бағытта жастардың білім алуына, кәсіби қалыптасуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасап келеді. Біз еліміздің әр түкпіріндегі жастардың үнін еститін, олардың пікірі ескерілетін алаңды қалыстастырғымыз келеді», – деді ол.

Мұнан соң «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Президенті Есен Елеукен жастардың қоғамдағы орны мен азаматтық жауапкершілігіне тоқталды.

«Қай кезеңде де елдің болашағын айқындайтын – жастар. Бүгінгі буын тек заман ағымына бейімделіп қана қоймай, қоғамға пайдасын тигізетін, елдік мүддені түсінетін деңгейде қалыптасуы қажет. Қазіргі жастардың артықшылығы – еркін ойлай алады, ізденеді, пікірін ашық айтады. Ең бастысы, сол мүмкіндікті дұрыс бағытқа жұмсап, білім мен еңбекті басты құндылық ретінде ұстана білу керек. Себебі мемлекет дамуы – саналы, жауапкершілігі жоғары жастардың қолында», – деді Есен Баймұханбетұлы.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жастардың кәсіби дамуы мен оларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.

«Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білімді, білікті әрі жауапкершілігі жоғары жастармен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі таңда жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіби тұрғыда қалыптасуына және бастамаларын жүзеге асыруына нақты қолдау көрсету маңызды. Осы бағытта партия тарапынан жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Себебі елдің ертеңі – өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары жастардың қолында», – деді ол.

Шара соңында «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова белсенді жастарды Алғыс хатпен марапаттап, бірқатар белсенді рухтасқа «Жастар Рухы» Жастар қанатыныңарнайы төсбелгісін табыстады.