Қызық енді басталды: президент Орталық банктің төрағасын өзгертті

Дональд Трамп елдің ең ықпалды қаржы-экономикалық институттарының бірі – Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) жаңа төрағасын таңдады. Kevin Warsh кандидатурасына Сенат келісімін беріп, ол қызметіне кірісті.

CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz АҚШ-тың ақша-несие саясаты қалай өзгеретінін болжайды.

Жаңа тағайындау Вашингтондағы кадрлық өзгеріс қана емес, АҚШ-тың ақша-несие саясатына қатысты жаңа кезеңнің басталуы ретінде бағалануда. 56 жастағы Кевин Уорш қазіргі ФРЖ-ның 11-төрағасы атанды. Ол 8 жыл бойы қызмет атқарған Jerome Powell-дің орнына келді. Пауэлл қызметтен толық кеткен жоқ, ол ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшесі ретінде жұмысын жалғастырады. Бұл соңғы 80 жылда сирек кездесетін жағдайлардың бірі саналады.

Дональд Трамп инаугурация рәсімінде: «Мен Кевиннің толық тәуелсіз болғанын қалаймын. Маған да, басқа ешкімге де қарамасын», – деп мәлімдеді.

Алайда сарапшылар бұл сөздерге сақтықпен қарап отыр. Себебі Трамп соңғы бірнеше жылда ФРЖ-ны пайыздық мөлшерлемелерді жеткілікті жылдам төмендетпеді деп жиі сынға алған болатын. Тіпті, Пауэллді бірнеше рет ашық түрде айыптап, оның саясатын экономикалық өсімге кедергі ретінде сипаттаған.

Жаңа төраға өз сөзінде ФРЖ-ның негізгі міндеті баға тұрақтылығы мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, Орталық банк инфляцияны бақылауда ұстай отырып, экономикалық өсуді қолдауы тиіс. «Инфляция төмен, өсім жоғары, нақты жалақы көбірек болуы керек», – дейді Уорш.Кевин Уорш үшін басты сынақтардың бірі – инфляция мен пайыздық мөлшерлеме арасындағы тепе-теңдікті табу. Соңғы 5 жылда АҚШ-тағы инфляция ФРЖ белгілеген 2%-дық мақсаттан жоғары болды. Сонымен бірге Трамп әкімшілігі мөлшерлемелердің төмендеуін қалайды. Ақ үй сарапшыларының ойынша, бұл тұрғын үй нарығын, инвестицияларды және тұтынушылық сұранысты ынталандыруы мүмкін.

Бірақ қаржы нарықтары әзірге бұндай өзгерістерге сенімсіздікпен қарауда. Көптеген инвесторлар ФРЖ мөлшерлемелерді 2026 жылы бұрынғы деңгейде сақтауы мүмкін деп есептейді. Бұл жаңа төрағаның саясаты Ақ үйдің қалауына емес, экономикалық көрсеткіштерге көбірек тәуелді болатынын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, Кевин Уорштың тағайындалуы АҚШ-тағы ақша-несие саясатының болашағына қатысты маңызды белгі болды. Енді басты сұрақ – жаңа төраға Трамптың мөлшерлемелерді төмендету жөніндегі үмітін ақтай ма, әлде ФРЖ-ның дәстүрлі тәуелсіздігін сақтай ма?