Елімізде полиция атынан жалған айыппұл жіберу деректері көбейген

SMS мәтінінде күмәнді интернет-ресурстарға сілтемелер беріледі. Оларға өткен жағдайда жеке мәліметтердің тарап кету қаупі бар.

Қарағанды облысы Полиция департаменті қазақстандықтарға "ҚР Жол полициясы департаменті" атауымен келетін күмәнді SMS-хабарламаларға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Aikyn.kz

Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта төленбеген әкімшілік айыппұлдар туралы жалған хабарламалар жиілеген. Мұндай хабарламаларды алаяқтар азаматтардың жеке деректерін иемденіп, ақшасын жымқыру мақсатында таратады.

Осыған байланысты қазақстандықтарға барынша сақ болып, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сену ұсынылды. Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек мемлекеттік сервистер арқылы тексеруге болады:

qamqor.gov.kz;

eGov.kz;

екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі азаматтарды белгісіз сілтемелерге өтпеуге, күмәнді сайттарда жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін енгізбеуге шақырды.

"Мұндай хабарламалар келген жағдайда оларды елемеген жөн. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады", – делінген хабарламада.