Интернет алаяқтық, кибербуллинг, әлеуметтік желідегі қауіптер мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар бүгінде ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Алматы облысында оқушылардың киберсауаттылығын арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған брифингтер ұйымдастырылды.
Киберқылмыстың алдын алу және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында Талғар ауданының Белбұлақ ауылы мен Алатау қаласындағы орта мектептерде оқушылардың ата-аналары және педагогикалық ұжым өкілдерімен түсіндіру кездесулері өтті. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен жалған хабарламалардың қауіптілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қауіпсіз пайдалану, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кибербуллингтің алдын алу мәселелері талқыланды.
Кездесу қатысушыларына алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері түсіндіріліп, күмәнді қоңыраулар мен интернет арқылы жасалатын қаржылық операцияларға сақтықпен қарау қажеттігі ескертілді. Мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың киберсауаттылығын арттыру, балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғау және қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайту.
Одан бөлек, облыста кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңі мен оқу жылының аяқталуы кезінде балалардың қауіпсіз жүріс-тұрысын ұйымдастыру мәселелері қаралуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы басшылығы мен білім беру ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.
Полиция өкілдері кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда болуын болдырмау және кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға жол бермеу қажеттілігіне назар аударылды.
Түлектердің қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілетін мерекелік іс-шаралар кезеңінде мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жазғы кезеңде құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимде жалғасын табатыны түсіндірілді. Брифинг қорытындысында құқық қорғау органдарының өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Сымбат БЕГІМБАЙ