Қазақстанда балаларға арналған заңсыз контенті бар 7 мың интернет-ресурс бұғатталды

Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша 59 пункттен тұратын арнайы медиа жоспар әзірледі.

Үкімет отырысында балалардың бос уақытын ақпараттық сүйемелдеу шаралары туралы Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, 30 бейнеролик жасалып, олар республикалық телеарналардың эфирінде 50 реттен көп көрсетілген, одан соң қоғамдық орындарда орналастыру үшін өңірлерге берілген. Сонымен қатар, осы жазғы маусымда қазақстандық телеарналарда балаларды цифрлық және қаржылық сауаттылыққа үйрететін, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен спортты ілгерілететін 9 жаңа жоба іске қосылады.
Жалпы алғанда, алдағы жазғы науқан аясында министрлік мұражайлар мен театрларда 1,5 мыңнан астам мәдени-ағарту жобаларын ұйымдастырады, Бурабай ауданында алғашқы республикалық шығармашылық лагерь ашылады және «Жасыл ел» жасақтарында 34 мыңнан астам жас уақытша жұмысқа орналастырылады.

«Министрлік интернет-кеңістікте заңсыз контенттің таралуына мониторинг жүргізу және шектеу жұмыстарын қатар жүргізуде. Жыл басынан бері балаларды құқыққа қарсы ақпараттан қорғау мақсатында заңсыз ақпаратты қамтитын 6 863 интернет-ресурсқа қолжетімділік шектелді, ал әлеуметтік желі әкімшіліктеріне 869 пабликті бұғаттау бойынша 20 мыңнан астам материал жіберілді», — деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.