Петропавлдағы жол апаты: 12 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды

Porsche Cayenne автокөлігін тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Петропавлда жол-көлік оқиғасынан 12 жастағы қыз қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 25 мамыр күні сағат 20:16 шамасында Потанин көшесінде болған. Porsche Cayenne автокөлігін тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім қыз жолды белгіленбеген жерден жүгіріп өтпек болған.

Ауыр жарақат алған 12 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлік айып тұрағына қойылды. Сараптама нәтижесі оның алкогольдік ішімдік ішпегенін көрсетті.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға және жол ережелерін бұзбауға шақырды.