Қалалық жедел жәрдем медициналық станса директорының бірінші медицина жөніндегі орынбасары Бота Садетхан сол бір өзгерістің жедел жәрдем қызметі үшін оңтайланғанын жеткізді.
– Соңғы енген өзгеріс – Денсаулық сақтау министрлігінің біздің салаға қатысты ең үлкен №225 бұйрығы. Өзгерістің талабына сәйкес қала бойынша әр емханада мобильді бригада іске қосылды. Олар таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін өздеріне түскен 4-санаттағы шақыртуға барады. Соның аясында қалада 42 емхана қосылып, оларға тиесілі 54 мобильді бригада жұмыс істейді.
Ол дегеніміз – күндізгі емхана әдеттегі жұмыс уақытында 4-санаттағы, яғни өміріне қаупі жоқ, денсаулығы қалыпты, бірақ белгілі бір не болмаса созылмалы ауруының асқынуы немесе жіті аурулардың белгісі, оның ішіне қалыпты тұмау, жеңіл және орташа түрімен хабарласқан науқастарға көмек көрсетіледі. Бұл өз кезегінде бізге түскен өмірге қауіпті 1, 2 және 3-санаттағы шақыртулардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Өйткені 4-санаттағы шақыртуға уақыт жоғалтпай, назарымызды 1-2-санаттағы шақыртуға бөлдік. Соның арқасында өміріне қауіп төнген, яғни 1-2-санаттағы науқастарға жету уақыты қысқарды. Қазір жедел жәрдем көмекке 7-8 минутта жетеді. Ес-түссіз жатқан, жүрегі ұстап қалса, жүктіліктің соңғы айындағы қан кетуі, биік ғимараттан құлап, өндірістік жарақат алуы, жол апаты немесе өрт шыққан жағдайдағы шақыртуға жедел жәрдемнің кешігуі әжептәуір азайған, – дейді Бота Садетхан.
Қалалық жедел жәрдем басшысы алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр бригаданың орташа жүктемесі азайғанын жеткізді. Оған себеп – 4-санаттағы шақыртуға көбіне емхананың өздері баруы.
«Кешкі ауысымдағы барлық санаттағы шақыртуға біздің жедел жәрдем бригадасы жұмыс атқарады. Сондықтан кешкілікке бригада көбірек бөлінген» деген ол кешкі сағат 7-ден таңға дейінгі аралықтағы шақыртулар толығымен жедел жәрдемнің мойнында екенін айтты. Сол себепті әлі де ауыртпалық өздерінде қалды десе де болады.
Жедел жәрдем жеткізген науқастың 20 пайызы ғана ауруханаға жатқызылады
Қала ішінде жедел жәрдем ғимараты 13 жерде орналасқан және бригаданың тұрақтанатын 9 тұрағы бар. Әр постансадағы бригада аудан тұрғындарының, түскен шақыртудың санына қарай жасақталған.
Бота Садетханның сөзінше, халыққа қызмет көрсету уақытын қысқарту мақсатында қаламыздың Есіл, Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр секілді 4 ауданда өз постансасы орнатылған.
– Мысалы, кейбір ауданның аумағы үлкен болғанымен, шақыртуы аз. Енді бірінде ауданы кіші болса да жедел жәрдемді шақыртуы көп. Жаңадан салынған Нұра ауданында көпқабатты ғимараттан ине шаншар жер жоқ, халқы да тығыз орналасқан. Ол жақта жедел жәрдем шақыртуы да көбірек. Сол себепті Есіл ауданында бригада санын 30-40 пайызға көбірек ұстаймыз, – деді Қалалық жедел жәрдем медициналық станса директорының бірінші медицина жөніндегі орынбасары.
Мобильді топтан бөлек жедел жәрдем стансасында 100-ге жуық бригада жұмыс істейді. Оған қажетті санитарлық көліктің саны – 188. Бота Советхан көлік бұзылып, істен шықса оның орнын алмастыратын резерв барын айтты. «Бригада алғашқы көмекке қажет медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмекпен толыққанды қамтылған. Жұмыс барысымен тәжірибе алмасып, біраз шетелді көрдік. Салыстыра келе, біздің жедел жәрдем қызметі нормативке сәйкес толықтырылған», – дейді ол.
Қайта-қайта өзгеріс енгізгенін өзім дұрыс көрмеймін. Өзгерістің енгізгеніне толық бір жыл енді болып жатыр. Дәл қазіргі таңдағы көрсеткішке қарап, оң тұсы көп болғандықтан, тағы өзгеріс енгізудің қажеті бар деп ойламаймын.
– Статистикалық мәліметке сүйенсек, біздің қызметті қажет ететін 1-2-санаттағы шақыртудың саны – 20 пайыз, қалған 80 пайызы белгілі бір аурудың асқынуы немесе жіті ауру, яғни өміріне қауіпсіз амбулаторлық науқастар. Өйткені ауруханаға біз апарған науқастың 80 пайызы үйіне қайтарылады, 20 пайызы ғана жатқызылады. Осыдан халықтың жедел жәрдемге аса ауыр жағдайда шақырмайтыны байқалады. Белгіленген дәрісін уақытылы ішпеуінен сырқатты асқындырып, салдарынан біздің көмекке жүгініп жатады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, профилактикалық шараларды жібермей, емханаларға барып, толық тексерістен өтуге кеңес береміз, – дейді Бота Садетхан.
Жедел жәрдемге тәулігіне 4 мыңға жуық шақырту түседі
Жедел жәрдемге тәулігіне орташа есеппен түсетін қоңырау саны 3,5 мыңнан 4 мыңға жығылады. Оның ішінде нақты шақырту саны – 2 200. Қалған қоңырау кеңес алу немесе қай мекемелерде қандай медициналық көмек көрсететіні жайында сұрайды.
– Бізде әрбір қоңырау тіркеледі. Шақыртулар ғана емес, «тезірек келсін» деген қайта соғып жатады. Арасында ақыл-кеңес сұрап хабарласады. Сондықтан қоңырау саны шақырту санынан көбірек. Аурулардың маусымдық өсімі кезінде бұл көрсеткіштің асқақтап кететіні бар. Мысалы, қазан айынан тымау өрши бастайды. Ондай кезеңде былтырғы статистика бойынша қоңырау саны 9 мыңға жетіп, жедел жәрдемнің барған шақырту саны 3 мыңнан асты, – деді Қалалық жедел жәрдем медициналық станса директорының бірінші медицина жөніндегі орынбасары Бота Садетхан.
Оның айтуынша, жедел жәрдемді шақыртуға шектеу қойылмаған. Арасында ми-қан айналым жүйесінде, не психикалық ауруға шалдыққан жандардың шектен тыс шақыртатынын жасырмады.
«Денсаулығы сыр берген жағдайда жедел жәрдемге хабарласуға әрбір адам құқылы. Алдында алған медициналық көмектен ешқандай нәтиже көрмесе, біздің қызметке қайта жүгіне алады. Кейбір науқастар айына жүздің үстінде шақыртады. Әрине, олармен емхана мен әлеуметтік қызметкерлер айналысады. Дегенмен ұмытшақтығы бар жан қайта-қайта шақыртады», – деді ол.
Нақтылап кетейік, 1-санаттағы шақырту – нақты өміріне қауіп төнген науқастар. Оған көмекке жету уақыты – 10 минут. 2-санаттағы шақырту өміріне медициналық көмек дер кезінде жасамаса, өмірге қауіпті жағдай болып есептеледі. Оған жедел жәрдем 15 минутта жетуі тиіс. Ал 3-санаттағы шақыртуға денсаулыққа зиян келтіретін жағдайлар: локальді жарақаттар, қалыпты босану, 30 жасқа дейінгі жүкті әйелдердегі дене қызуының көтерілуі. Оларға жетуге 30 минут белгіленген. Соңғы санаттағы шақыртуға 60 минутқа дейін берілген.
Диспетчер қыздың әңгімесі
Ал осы қоңырауды қабылдайтын арнайы диспетчер бөлімі бар. Мұнда 90-ға жуық қыз-келіншек жұмыс істейді. Тәулігіне 13-15 адам кезекшілігімен шығады. 29 жастағы Ақнұр Ахметханова диспетчерлік бөлімге ауысқанына екі жыл болған.
Ол таңғы сағат 7.45-те басталған жұмысы кешкі 6-ларға дейін жалғасатынын айтты.
– Жұмыс орнындағы компьютерді қосып, әрқайсымыз өз кодымызбен кіреміз. Жұмыс басталғаннан әр минут сайын қоңырау түседі. Әр қоңырау жағдайдың ауырлығына қарай бөлінеді. Басымдық 1-2-санаттағы шақыртуға беріледі. Күніне кемінде 150-200-дей қоңырау қабылдаймыз. Қыс кезінде қоңырау саны 300-ден 400-ге дейін жетеді. Бастысы хабарласушылар артық сөзге келместен біздің сұрақтарға нақты жауап берсе, шақыртуға баратын бригаданың жұмысын оңтайландырады.
Әдетте адамның аты-жөнін, жасын, мекенжайын сұрағанға «оның не керегі бар, не үшін сұрайсыңдар?» деп ұрсып салады. Әрине, кез келген адам жақыны қиналғанда өзін қоярға жер таппай, эмоцияға беріліп, ойланбай сөйлеп, дауыс көтеруі де мүмкін. Олардың бұл әрекетіне түсіністікпен қараймын. Ұрысқа ұрыспен жауап беруге болмайды. Ол кісіні сабырға шақырып, өзіміз де сабырлылық сақтаймыз. Десе де, мұнда психикаға шабуыл көп жасалады. Кейбірі қарғап, боқтап-бұралағанда көңіліме тимейді емес, тиеді. Ондайда «ештеңе етпейді, көңіліңе алма, Ақнұр» деп іштей өзімді серпілтіп, жұмысымды жалғастыра беремін. Сондай кездің бірінде көңілім босап, көзіме жас толғаны бар, – деді Ақнұр Ахметханова.
«Диспетчерден гөрі жедел жәрдемнің шақыртуына шыққан жеңіл» деген Ақнұрдың жедел жәрдемде жұмыс істегеніне 9 жыл болған. Оның жеті жылы бригада құрамында болып, шақыртуларға шығып жүрген.
– Бала кезімнен медик боламын деп шештім. Ата-анам да бұған қарсылық білдірмеді. Сол себепті медицина саласына өзімнің қалауыммен келдім. Тәжірибе жинағанша біраз қиналдым. Фельдшерлік қызмет ойлағанымдай оңайға түспеді. Мені баулыған аға-фельдшер маған көп нәрсені үйретті. Уақыт өте жұмысқа бойың үйреніп, кейін өзім аға-фельдшер болдым. Соған қарамастан хал үстіне түскен науқастарды уайымдап, ағайын-туысына хабарласып, жағдайына алаңдайсыз, – дейді Ақнұр.
Дәрігер салқынқандылық танытуы керек
Жедел жәрдемнің бір бригадасы күніне 15-20 шақыртуға дейін барады. Маусымдық кезеңде оның саны 30-дан асады. Бригаданың бір шақыртуға барып-келуі – бір сағат. Егер науқасты ауруханаға жеткізсе, бір жарым сағатқа созылуы мүмкін. Бригаданың құрамы дәрігер және фельдшерден жасақталады.
№5 шұғыл бригадасының дәрігері Нұрсұлтан Мешенов он жылдан асқан жұмыс тәжірибесінде жантүршігерлік талай жағдайдың куәгері болған. Ол дәрігерлер бригадасы науқастың ауырлық деңгейіне қарай жіберілетінін айтты.
– Шыны керек, жұмыс өте ауыр. Бізге жай науқастар емес, шұғыл шақыртумен өлім аузында жатқан жағдай өте көп. Бастысы – науқастың жақындары жедел жәрдем келгенше диспетчердің айтқанын орындағаны абзал.
Ең бірінші дәрігер салқынқандылық таныту керек. Егер бойын сезімге берсе, тәжірибелі дәрігердің өзі сасқалақтап, істеп жүрген дүниесін ұмытып қалуы мүмкін. Науқасқа шапшаң әрі нақты диагностика жасап, алғашқы көмекті дұрыс керсетуіміз тиіс. Науқаспен бірінші жолығатын біз болғандықтан, оның жағдайын тұрақтандырып, ауруханаға аман-есен жеткізу – міндетіміз, – дейді Нұрсұлтан Мешенов.
Оның айтуынша, барлық бригада диктафонмен қамтылған. Олардың пациенттермен жұмыс істеуі, дұрыс ем жүргізуі бәрі жазылып, бақыланады. Ал олардың қайда бару керегін түскен қоңырауды қадағалап отырған аға диспетчер белгілейді.
– Шақыртуда түрлі жағдайды бастан өткердік. Жалғызбастылар да, төсекке танылғаны да аз емес. Қарттардың ішінде дименцияға шалдықса, жағдайы бірнеше рет түсіндіріледі. Ішімдікке салынғаны да, масаң күйдегі пациенттер өзін ұстай алмай, кикілжің іздейтіні де бар. Бірін ауруханаға баруға көндірсең, тағы бір науқас басқа бір ауруханаға апаруды талап етеді. Кейде науқас бір өзі қалып, тілі күрмеліп, хал жағдайын айта алмайды. Енді бірінің ұстамасы ұстайды, өлім аузында жатқанда бар ой – оның жағдайын тұрақтандыру. Жүрегі тоқтап, оны қайта тірілту өте қиын. Соның ішінде балалармен жұмыс істеу тіптен ауыр. Бізден бала ғана емес, оның әке-шешесі де үміт етіп, көмек күтеді, – дейді дәрігер Нұрсұлтан Амангелдіұлы.
5 жасар жасөспірімнің өлімі
Жедел жәрдем қызметінде санитардан бастап, фельдшерге дейін істеп, студент кезінен медицинаға араласып, бойды үйретіп, құрал-жабдықтарды пайдалануды дағдыға сіңіру қажет екенін айтады ол.
– Былтыр 5 жастағы баланы мектепке таситын автобусы басып өткен. Бала автобустың алдына жүгіріп өткен деседі. Біз барғанда науқас хал үстінде еді. Жағдайын әрең тұрақтандырдық. Ауруханаға апара жатып, жол ортада көлікті тоқтатып, жағдайын қалыпқа келтірдік. Оның қол, қабырғалары сынған болатын. Стационар жылдам әрекет етіп, 5-10 минутта қажетті тексерісін жасап, ағзасын суретке түсіріп, бірден отасын жасады. Осындай да науқасты бұрынғыдай қаланың бір басынан екінші басына апармай, хал үстінде жатса жақын жердегі ауруханаға жеткізілетіні жақсы. Соған қарамастан емді бала көтере алмады, кейін оның қазасын естідік. Сондай кезде өмірдің қас-қағым сәт екеніне көзің жетеді.
Жас өлім кім-кімге де ауыр. Уақыт өткен сайын мұндай жағдайдың әрбіріне бойыңда иммунитет қалыптасады. Өйткені біз терезеден құлап, машинаның астына түсіп, түрлі оқыс жағдайдың ортасында жүреміз. Сондықтан күйзеліске түсіп, бойыңнан өткізуге уақыт жоқ. Десе де, кеудеңде жаның барда жүрегіңде ізі қалады. Ондайды үйге, отбасыңа әкелмеуге тырысасың, – деді Нұрсұлтан Мешенов.
46-бригаданың дәрігері Даниярдың айтуынша, қайғы менен қуаныш қатар жүреді. Әрбір азаматтың аман қалуы, оған себеп болуы жұмыстағы бүкіл ауырпалықты ұмыттырады.
– Науқастың аман қалуы, аман-есен туысына оралуы – жұмысымыздың жемісі. Бізді қуантатыны – сол. Таңғы сағат 8-дерде бірінші шақырту ер адамнан түсті. Біз барғанда жүрегінің тұсы, төс арты ауырсынған. Қарау барысында ер адам қызарып-бозарып, демі шықпай, тынысы үзіліп, жүрегі тоқтады. Бірден кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын жасап, алғашқы көмекті көрсеттік. Пациент клиникалық өлімнен шығып, жағдайы тұрақталған соң Президенттің Іс басқармасы емханасына жеткіздік. Қартты сол жерде тексеріп, отаға әкетті. Артынан ол кісі бізді жұмысқа іздеп келіп, телефонға байланысқа шығып, алғысын айтты. Біз ол кезде демалыста едік. Бірақ адамды өсіретін де, өшіретін де бірауыз сөз ғой. Жылы сөзін естігенде жылдар бойы оқығаның, жинаған тәжірибең іске жарағанына қуанасың. Сөйтсек, ол кісі отадан кейін 10 күндей ауруханада жатқан. Жағдайы түзелген соң бізді іздеп, алғысын айтып, батасын берді, – дейді Данияр Қалыбаев.
Бүгін ол дәрігердің көмекшісі ретінде шақыруға шыққан.
– Дәрігердің қасындағы көмекшінің өз рөлі бар. Бізді үлкен сауда орталығына да, қоғамдық орындарға да, көшеге де, жөртөлеге де шақыртуы мүмкін. Сондай жерде көмекші дәрігердің һәм қолы, һәм көзі. Пациент пен дәрігерге қолайлы орта жасап, дәрігердің қажетіне жарап, жұмыстың 70 пайызын солар атқарады, – деді ол.
Жедел жәрдем қызметкерлері қалай дайындалады?
Данияр Қалыбаевтың Есіл қосалқы стансасында істегеніне 6 жылдан асқан. Соған қарамастан әр қызметкер жыл сайын біліктілігін арттырып, арнайы курстардан өтіп отырады.
– Мектеп оқитын баламыз, көшеде зулап өткен жедел жәрдемді көріп, қызығатынмын. Сол кезден оның не істейтінін зерделеп, осы салаға таңдау жасадым. Өйткені адамның ең қиын сәтінде жанынан табылатын жедел жәрдем, ал оған қол ұшын беретін дәрігер. Әрине, өз еркіңе жібере салмайды. Дәрігердің көмекшісі ретінде соның нұсқауымен әрекет еттім. Бойымды қорқыныш, үрей билемеді. Студенттік шақтан тәжірибеде жүріп, мұндай жағдайға бой үйренген. Біздің сала жылда оқып, ізденуді қажет етеді. Дипломым қалтамда, тәжірибем бар деп қол қусыруға болмайды. Уақыт талабынан қалыспай жыл сайын оқып, біліктіліктті арттыру қажет, – деді ол.
Қалалық жедел жәрдем медициналық станса директорының бірінші медицина жөніндегі орынбасары Бота Садетханның сөзінше, 2019 жылдан бері қызметкерлердің біліктілігін көтеру мақсатында өз ішінде оқу әдістемелік бөлім ашылған. Онда қызметкерлер халықаралық стандартқа сәйкес оқытылады. Штаттан тыс травматолог, кардиолог секілді мамандар тұрақты түрде сабақ жүргізеді. Түрлі тренингтер өтіп, психологтер қарастырылған.
– Еліміздің астанасы болған соң бізге жан-жақтан ағылып, жұмысқа тұрғысы келетіндер өте көп. Соның ішінде байқау арқылы сұрыпталып, құжатының дұрыстығы тексеріледі. Бригадаға шығарда тәжірибелі маманның қасына қосылады. Ортаға бейімделгенше алғашқы бір-екі айда шығып кетеді. Шұғыл қызметте стреске тұрақты, кез келген жағдайға бейімделіп, науқасқа медициналық көмек көрсете алуы тиіс. Бізге білімді ғана емес, өзін-өзі ұстай алатын сабырлы адам керек, – деген Бота Садетхан жүктеменің ауыртпалығына шыдамай, кейбірінің кетіп жатқанын жасырмады.
Себебі, жедел жәрдем қызметкерлеріне физикалық қана емес, психо-эмоционалдық тұрғыда өте ауыр.
– Жүктеме көбейген сайын мықты деген мамандар жұмыстан кетіп жатыр. Тәулік бойы аяқтан тік тұрып, сағат сайын шақыртуға бару кім-кімге де ауыр. Жұмысты оңтайландыру үшін бригаданың санын көбейте бермей, халықпен тығыз жұмыс істеу керек. Яғни, қай медициналық мекемеде, қандай көмек алу қажет, емханаға қашан баруы керек, профилактикалық екпелерді қай кезде алу қажет, ауруханаға қандай сырқатпен жатуы керек дегендей халықты ақпараттандыру керек. Егер түсіндіру жұмысы күшейтілсе, бригаданы көбейтудің қажеті туындамайды, – дейді ол.