Жетісу университетінде студенттерге арналған шығармашылық және рухани орталық ашылды

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім ордасының жанашыры, қоғам қайраткері әрі белгілі кәсіпкер Ажмағанбетов Қуаныш Мәдиұлының есімі берілген көпфункционалды Zhetysu Hall залы салтанатты түрде қолданысқа берілді.

Маңызды шараға университет ұжымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, студент жастар, сондай-ақ «Кайнар-АКБ» ЖШС қызметкерлері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесі мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы  «Жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау — мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған заманауи орталар көбеюі керек» деген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында университеттің акт залы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылып, студенттер игілігіне ұсынылды.

Жаңартылған  Zhetysu Hall – енді тек мәдени іс-шаралар өтетін орын ғана емес, студенттердің шығармашылық, ғылыми және рухани дамуына қызмет ететін жаңа көпфункционалды орталыққа айналды. Зал жаңа техникалық құралдармен, дыбыс және жарық жүйелерімен, заманауи жиһаздармен толық жабдықталған. Бұл игі іске «Кайнар-АКБ» ЖШС тікелей демеушілік жасап, университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор үлес қосты.

Салтанатты ашылу рәсімінде университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, марқұм Ажмағанбетов Қуаныш Мәдиұлының Жетісу университетінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

«Қуаныш Мәдиұлының есімі Жетісу университетімен тығыз байланысты. Ол кісі ұзақ жылдар бойы оқу ордамызға шынайы жанашырлық танытып, университетке тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келді. Әсіресе, қиын кезеңдерде университеттің материалдық-техникалық жағдайын нығайтуға үлкен қолдау білдіріп, оқу орнының дамуына айрықша еңбек сіңірді. Қамқоршылар кеңесінің, кейіннен Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде университеттің болашағына бейжай қарамай, әрдайым нақты істерімен көмектесті. Дарынды жастарды қолдап, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арнайы шәкіртақы тағайындап отырды. Бүгінгі  Zhetysu Hall  залы – Қуаныш Мәдиұлының білім мен жастарға деген қамқорлығының заңды жалғасы», – деді ректор.

Жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері Наурыз Қылышбаев сөз сөйлеп, Қуаныш Мәдиұлының азаматтық болмысы мен ел дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Олар оның жасаған жақсылығы тек білім саласымен шектелмегенін, көптеген жанға қамқор болып, әлеуметтік жобаларға үнемі қолдау көрсеткенін айтты. Сонымен қатар ол басқарған «Кайнар-АКБ» зауыты еліміздегі ірі өндіріс орындарының біріне айналып, өнімдері шетел нарығына экспортталатын беделді кәсіпорын ретінде танылғанын жеткізді.

Шара барысында университет ұжымы «Кайнар-АКБ» ЖШС-ның бас директоры Ажмағанбетов Ербол Қуанышұлына ерекше құрмет көрсетті. Білім ордасының акт залын заман талабына сай қайта жаңғыртып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа жиһаздармен және қажетті техникалық құралдармен толық жабдықтап бергені – білім мен руханиятқа деген зор жанашырлықтың белгісі деп қабылдады. Осыған орай   Ербол Ажмағанбетовке  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Құрметті профессоры» атағын берді.

 Zhetysu Hall  залының ашылуы – университет тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Бұл – білім мен бизнестің, руханият пен әлеуметтік жауапкершіліктің үндескен жарқын үлгісі. Жаңа зал алдағы уақытта студент жастардың өнерін шыңдап, ғылыми бастамаларын қолдап, тәрбиелік әрі мәдени шаралардың ірі орталығына айналмақ.