Астана жұрты 80 жастағы марафон шебері Салтанат Түйтебаевты қарсы алды

Жарыс барысында жарақат алғанына қарамастан, елордалық спортшы толық марафон қашықтығын — 42,2 шақырымды сәтті еңсеріп, қайсарлықтың, төзімділіктің және спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Астана жұрты 80 жастағы марафон шебері Салтанат Түйтебаевты қарсы алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

26 мамыр күні Астана халықаралық әуежайында Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонға қатысып, елге оралған ардагер спортшы, 80 жастағы марафон шебері Салтанат Түйтебаевты қарсы алу рәсімі өтті.

Жарыс барысында жарақат алғанына қарамастан, елордалық спортшы толық марафон қашықтығын — 42,2 шақырымды сәтті еңсеріп, қайсарлықтың, төзімділіктің және спортқа деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Салтанат Түйтебаев — белсенді өмір салты мен бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген жарқын тұлға. 2025 жылы отандасымыз Нью-Йорк марафонында 80–89 жас санатында чемпион атанып, жарысты 4 сағат 45 минутта аяқтаған. Ал 2021 жылы 75–79 жас санатында күміс жүлдеге ие болды.

Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, салтанатты қарсы алу рәсіміне спорт саласының өкілдері, спорт ардагерлері, спортшының туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттаудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде бұқаралық спортты дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Халықтың барлық санаты үшін спортпен шұғылдануға қажетті жағдай жасалуда. Салтанат Түйтебаевтың жетістігі — қайсарлықтың, тәртіптің және саламатты өмір салтына адалдықтың айқын үлгісі. Осындай спортшылар жастарға жігер беріп, спорттың жас талғамайтынын дәлелдейді», — деді Бауыржан Рапиков.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.