Еліміздің жоғары білім жүйесіне дзюдо бағдарламасы енгізіледі

Меморандум студенттер арасында дзюдоны дамыту мен кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.

Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен IJF президенті Мариус Визер қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Меморандум студенттер арасында дзюдоны дамыту мен кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар құжат спорттық инфрақұрылымды жетілдіруді, спорттық резерв даярлауды, дене шынықтыру және спорт саласындағы оқытушылар мен мамандардың біліктілігін арттыруды қамтиды.

Ынтымақтастық аясында дзюдо бағдарламаларын жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру үдерісіне кезең-кезеңімен енгізу, жарыстар ұйымдастыру, студенттік лигалар құру және спорттық инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, спорттық құрал-жабдықтармен, татамимен және дзюдомен айналысуға арналған арнайы экипировкамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, бағдарламаның операторы ретінде Jenys International Sports Foundation қоры айқындалды. Қор жобаны қаржыландырып, оны іске асыру жұмыстарын үйлестіреді.

Тараптар меморандумды іске асыру бұқаралық спортты дамытудағы маңызды қадам болатынын және жастарды дзюдомен айналысуға әрі салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратын қосымша мүмкіндіктер қалыптастыратынын атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.