Ғалымжан Алматов: «Сириус – Қазақстан» жобасы аясында педагогикалық құрам қазақстандық мамандардан жасақталады

Бұл ұлттық педагогикалық мектепті озық әдістермен үйлестіруге мүмкіндік береді.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов «Сириус – Қазақстан» жобасы дарынды оқушыларға ғана емес, оқытушыларға да жол ашатын үлкен мүмкіндік деп санайды. Ол бұл туралы Aikyn.kz сайтына айтып берді. 

Ғалымжан Бауыржанұлының айтуынша, «Сириус – Қазақстан» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатыр.

– Басты мақсат елдегі білім беру сапасын және қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Яғни, білім беру саласындағы адами капиталды дамыту – мемлекеттік саясаттың бөлігі. Сондықтан бұл жоба бүкіл ел бойынша дарынды балалардың заманауи білім беру мүмкіндіктеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін білім беру инфрақұрылымының жүйелі моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Оның үстіне,  «Сириус – Қазақстан» жобасы аясында педагогикалық құрам негізінен қазақстандық мамандардан жасақталады. Олардың үлесі шамамен – 80 пайыз. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен «Талант және табыс» қорының біліктілікті арттыру бағдарламаларын қолдану көзделеді. Бұл ұлттық педагогикалық мектепті озық әдістермен үйлестіруге мүмкіндік береді,  – дейді Ғалымжан Алматов.